Accessibility links

Бельгияда ұсталған Абдеслам тергеліп жатыр


Брюссель маңында Салех Абдесламды тұтқындау сәті. Бельгия, 18 наурыз 2016 жыл.
Брюссель маңында Салех Абдесламды тұтқындау сәті. Бельгия, 18 наурыз 2016 жыл.

Париждегі терактілерге қатысы бар деген күдікті, 18 наурызда Брюссель маңында полиция операциясы кезінде ұсталған Салех Абдесламға Бельгия прокуратурасы айып тақты.

Абдесламның адвокаты Свен Маридің мәлімдеуінше, күдікті тергеуге болысып жатыр, бірақ қазір Францияға экстрадицияланудан бас тартып отыр. Бельгия прокуратурасының өкілі Эрик Ван Дер Сиптің сөзінше, Абдеслам полиция сұрақтарына жауап бере бастаған және бұл оны экстрадициялауды кейінге қалдыра тұруы мүмкін. "Бірақ ерте ме, кеш пе біз оны Францияға тапсырамыз" деді Ван Дер Сип.

Франция президенті Франсуа Олланд Салех Абдеслам ұсталғаннан көп ұзамай Париж оны экстрадициялаудың барлық қажетті амалын жасайтынын мәлімдеді.

Франция азаматы, 26 жастағы Салех Абдеслам ұсталған кезде аяғынан жеңіл жараланып, кеше тергеу үшін ауруханадан шығарылған.

Интерпол Еуропа Одағы елдеріне Абдесламның ұсталуына байланысты оның күдікті серіктері Еуропадан жедел түрде кетіп қалуы мүмкін екенін айтып, шекарада бақылауды күшейтуді сұрады.

Салех Абдеслам 13 қарашада Парижде болған бірнеше терактіге қатысы бар деген күдікке ілініп, бірнеше ай бойы ұстатпай жүрген. Париждегі терактілерден 130-дан астам адам қаза тапқан.

Париждегі шабуылдарға қатысқан деген күдікке ілінген тағы бір адам - Мохамед Абрини әлі іздеуде жүр.

XS
SM
MD
LG