АҚШ қаржы министрі Джек Лью экономикалық санкцияларды шектен тыс сала беру АҚШ экономикасына зиянын тигізіп, өзге елдердің долларға әлемдік резервтік валюта ретінде қараудан бас тартуына әкеліп соқтыруы мүмкін деп мәлімдеді. Бұл туралы ол Халықаралық бейбітшілікті қолдау Карнеги қорында айтты.
АҚШ президенті Барак Обама әкімшілігі Иранға, Ресей мен Солтүстік Кореяға және терроризм мен есірткі контрабандасымен байланысы бар бірнеше ұйымға санкция салған.
Джек Лью санкциялар "қалай болса солай" салынбауы тиіс және ол "стратегиялық әрі екшелген" тұрғыдан қолданылуы тиіс деді. "Біз санкцияны шектен тыс қолдана беру әлемдік экономикадағы жетекшілік рөлімізге және осы санкциялардың өзінің тиімділігіне нұқсан келтіруі мүмкін" деді Лью. Оның пікірінше, "санкцияны шектен тыс көп сала беру" компанияларды АҚШ пен оның қаржы жүйесінен қашқақтауға мәжбүрлеп, ол доллардың әлемдік резервтік валюта ретіндегі мәртебесіне кері ықпал етуі мүмкін.