Accessibility links

Қазығұрт ауданындағы жер дауы


Алтынтөбе ауылдық округі тұрғындары. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы.
Алтынтөбе ауылдық округі тұрғындары. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы.

Оңтүстіктегі Алтынтөбе ауылдық округі тұрғындары «жер даулап әкімдікке барғалы полиция келіп, тәртіпті күшейтті» дейді. Ал билік «аукционға бос жатқан жерлер ғана шығарылатынын» айтады.

Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауылдық округінің бірнеше тұрғыны Азаттыққа хабарласып, ауылда полицейлер көбейіп, ауыл белсенділеріне қысым жасалғанын айтты.

Қазығұрт ауданындағы жер дауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:36 0:00
Жүктеп алу

«ӘКІМДІК ӨЗДЕРІ САЯСИ РЕҢК БЕРІП ОТЫР»

Өзін «Алтынтөбе ауылдық округінің төбе биі» деп таныстырған Рысбек Үсебовтің сөзінше, ауылдағы кикілжіңге экономика министрі Ерболат Досаевтың «ауыл шаруашылығы жерлері аукцион арқылы сатылады» деген сөзін естіген 300-дей тұрғынның 2 сәуірде әкімдік алдына жиналуы себеп болған.

- Совхоздар тарағанымен біздің ауыл астық пен асыл тұқымды мал тұқымын өндіретін шаруашылық ретінде сақталған. Тұрғындарға жер үлесі берілмеген. Соны талап етіп ауыл әкімдігіне жиналып едік, «өткендегі сайлауға қарсылық білдіріп жатыр, саяси бүлік шығып жатыр» деп полиция шақыртты. Жұма күн түстен кейін ауыл-ауыл шекарасын полиция мен ҰҚК жауып тастады. Қазір 70-ке жуық полиция жүр, – дейді ол.

Рысбек Үсебовтің айтуынша, ауыл тұрғындары наразылық білдірген күні аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов келіп, мәселені облыс әкімдігінің араласуымен шешуге уәде беріп кеткен. Ал ертеңіне ауданнан құқық қорғау ұйымдарының басшылары, аудандағы түрлі салалардың басшылығы ауыл аралаған. Белсенділерге үйден шықпау туралы ескерту беріліп, полиция күзеті күшейтілген.

Аудандық мәслихат сайлауына ұсынылып, тіркеуден шығып қалған кандидатты қолдау үшін аудан орталығына келген Алтынтөбе ауылдық округі тұрғындары шағын автобустан түсіп жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы.
Аудандық мәслихат сайлауына ұсынылып, тіркеуден шығып қалған кандидатты қолдау үшін аудан орталығына келген Алтынтөбе ауылдық округі тұрғындары шағын автобустан түсіп жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Алтынтөбе ауылының тағы бір азаматы Қайыржан Бөлекбаев «наурыздың 20-сында өткен сайлаудан үш күн бұрын кандидаттары алынып қалғанына наразылық білдіріп, тұрғындары аудан орталығына барған бұл ауылға полиция бақылауы азаймағанын» айтады

- Сайлаудың әділетсіз өткенін көрдік. Бірақ біз оны жылы жауып қойдық. Бұл – жер дауы. Бірақ әкімдік өздері саяси реңк беріп отыр, – дейді ол.

Азаттық тілшісімен сөйлескен ауыл тұрғындарының сөзінше, «даудың басы тұрғындардың жер үлесінсіз қалуынан шыққан». 1990-жылдардың бас кезінде колхоз-совхоздар тарағанда Алтынтөбе совхозы ауыл шаруашылық дақылдары мен асыл тұқымды элиталық мал шаруашылығы ретінде сақталып қалған, кейін «Алтынтөбе» жауапкершілігі шектеулі серікестігі болып құрылған. Сөйтіп тұрғындарға жерге меншік құқығы берілмеген.

2004-2010 жылдары осы шаруашылық басқарған Мұрат Есіргеповтің сөзінше, «қарыздарынан енді құтыла бастаған шаруашылықты жаңадан құрылған «Оңтүстік» әлеуметтік корпорациясына қаратқан, ақыры шаруашылық банкрот болған».

- Былтыр Алтынтөбе ауылдық округінен бес кооператив құрамыз деп уәде берген «Оңтүстік» әлеуметтік корпорациясы осы округке тиесілі жердің мемлекетік актісін бермеген. Бізде жердің мемлекетік актісі жоқ – сол себепті лизингке техника да, кредит те ала алмаймыз. Бес кооперативке бөлінген жерді халыққа заңдастырып беру орнына түрлі жолдармен біреулерге сатып жібере ме деп қауіптенеміз, – дейді ол.

Алтынтөбе тұрғындары ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың 30 наурызда айтқан сөзінен – «2016 жылы шілденің 1-інен бастап 1,7 миллион гектар жер аукциондар арқылы сауда-саттыққа шығарарылады» деген мәлімдемесінен кейін қауіптері күшейгенін айтады.

- Біздің мақсатымыз – дәл қазір біздің жеріміз кімнің иелігінде тұрғанын анықтау. Өйткені жеріміздің кімнің қолында екенін білмейміз, – дейді тұрғындар.

«АСЫЛ ТҰҚЫМ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТПАҚ»

Азаттық тілшісі «тұрғындардың әкімдік алдына жиналуы» және «полицияның қысымы» жөнінде білмек болып Алтынтөбе ауылының әкіміне хабарласқан еді. Бірақ ол қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.

Ал Қазығұрт ауданы прокурорының орынбасары Бауыржан Қараманов «наразылық білдіргендер 30-40-тан аспаған, ал Алтынтөбе ауылдық округіндегі полиция 70-ке жуықтады деген – жалған ақпарат» деп мәлімдеді.

Қазығұрт аудандық ішкі істер бөлімінің кезекшісі «мән-жайды тек бастығым айта алады» деді, бірақ телефон арқылы сөйлесуге бастығының қолы босамады.

Қазақстан полициясы. (Көрнекі сурет)
Қазақстан полициясы. (Көрнекі сурет)

Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов сәуірдің 2-сінде «арнайы рұқсатсыз жиналғандар жүзден асқанын, содан кейін полицияның күшейтілген режимде тұрғанын» растады. Оның айтуынша, «тұрғындарғы қысым жасалмаған».

Қазығұрт ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бойынша орынбасары Ғалымжан Төлепов Алтынтөбе ауылдық округінің жері «Оңтүстік» әлеуметтік корпорациясына арнайы мемлекеттік бағдарлама бойынша бекітілгенін растады.

- Бірақ аукционға бос жатқан жерлер шығарылады. Сондықтан жеріміз жекешеленіп кетеді деп қауіптенбеуі керек, – дейді ол.

Қазығұрт ауданы әкімі аппаратының басшысы Әбілқасым Қожақановтың айтуынша «Оңтүстік» әлеуметтік коорпорациясы халыққа Алтынтөбе ауылдық округінің жерінің тең жартысын берген.

- Қалғанына облыс әкімдігі асыл тұқым шаруашылығын дамытпақ. Өйткені басқа жердің барлығы жекешеленіп кеткен. Халық сол қалған жерімізді қайтарыңдар дейді. Мәселені аудан шеше алмаған соң облысқа шықтық. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев Алтынтөбе ауылдық округіне келеді, – деді ол Азаттық тілшісіне сәуірдің 4-і күні.

Алтынтөбе ауылдық округі облыс орталығы Шымкент қаласынан 100 километр, аудан орталығы Қазығұрт ауылынан 60 километр жерде жатыр. 9 мыңға жуық тұрғыны бар бұл өңірдің жері шұрайлы.

XS
SM
MD
LG