Ресей егер ірі мұнай экспорттаушылармен осы айда өндіріс көлемін арттырмау жайлы келісімге қол жеткізетін болса, онда өз өндірісін биылғы қаңтардағы көрсеткіш – тәулігіне 10,9 миллион баррель деңгейінде ұстамақшы. Бұл туралы Ресей энергетика министрі Александр Новак мәлімдеген.
Оның айтуынша, ОПЕК мүшелері мен ұйымға кірмейтін мұнай өндірушілер 17 сәуірде Дохада басталатын жиында өндіріс көлемін шектеуге қатысты басқадай ұсыныс жасауы да мүмкін. Ресей оған әзір дейді министр.
«Бұған дейін келіскеніміздей, қаңтарды талқылап жатырмыз. Мүмкін басқадай ұсыныстар түсер» деп хабарлады Александр Новак жұма күні Мәскеуде өткен баспасөз мәслихатында. Оның сөзінен соң мұнай бағасы көрсеткіштері 6 пайызға өскен. Новак Иранның мұнай өндірісі көлемін ұлғайтатыны және оны шектеу туралы келісімге қол қоюдан бас тартатыны туралы мәлімдеуіне қарамастан, Дохадағы кездесу мұнай өндіруді тұрақтандыру жөнінде келісім жасаумен аяқталады деп үміттенетінін айтқан.
Ресей, Сауд Арабиясы, Катар мен Венесуэла әлемдік базарда мұнай бағасының құлдырауын тоқтату үшін шикізат өндірісі көлемін шектеу жайлы өзара келісімге келу мақсатында биыл ақпанда келіссөздер бастаған еді.
Новактың мәлімдемесі ірі мұнай экспорттаушылар шикізат бағасын тұрақтандыруға қатысты Оңтүстік Америкада кездесу өткізіп жатқан кезде айтылды.