Accessibility links

Алматыда белсенділер билікпен бейбіт жиын жайын талқылады


Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратындағы тақта.
Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратындағы тақта.

Бүгін Алматыда үкіметтің «жер сату» және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру жоспарына қарсы бейбіт шеру өткізу жөніндегі ұйымдастыру алқасының мүшелері мен қала билігінің өкілдері кездескен. Оған қатысқандардың бірі Рысбек Сәрсенбайдың Азаттыққа айтуынша, әкімдікке онымен бірге барған белсенділер Еркін Қалиев, Мұхтар Тайжан және Жарылқап Қалыбаймен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, қала прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев және тағы бірнеше шенеунік жүздескен.

«Біз 7 мамырда жер мен тілге қатысты тақырыпта өтетін бейбіт жиын кезінде қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуді биліктен сұрадық. Олар жиынға рұқсат берілмейтінін, оны митинг емес, дөңгелек үстел түрінде өткізуді ұсынды. Бірақ оларға бейбіт шеру туралы бастаманы халық көтеріп отырғанын, біз тек ұйымдастыру алқасы ретінде билікке солардың талабын жеткізуші екенімізді айттық», - деді Рысбек Сәрсенбай.

Оның сөзінше, белсенділер Алматы билігіне «бейбіт жиын өткізуді қамтамасыз етіп, оған қатысып, халықтың талап-тілегін тыңдауды» ұсынған. Сонымен бірге, Рысбек Сәрсенбайдың айтуынша, азаматтық қоғам өкілдеріне полицияның күш көрсетіп ұстауы сияқты оқиғалар қоғамда тек наразылықты күшейтетінін белсенділер бүгінгі кездесуде билікке ескерткен.

Белсенділердің бейбіт жиын туралы ұсынысына байланысты сенбі күні Алматы әкімдігінен комментарий алу мүмкін болмады.

Сәуірдің 24-інен бастап Атырау, Ақтөбе, Семей және Ақтау қалаларында жер дауына қатысты билік рұқсат бермеген жиындар және Астана, Алматы қалаларында жалғыз адамдық наразылық акциялары өткен. Ал сәуірдің 29-ында Астана мен Алматыда жер дауына қатысты баспасөз мәслихатын өткізіп, мәлімдеме жариялаймыз деген қоғам белсенділері ұсталған.

XS
SM
MD
LG