Accessibility links

Қаржы министрлігі: "Офшордағы қазақстандықтарды" тексеріп жатырмыз


ICIJ сайтындағы Dariga N. Nazarbayeva туралы мәлімет.
ICIJ сайтындағы Dariga N. Nazarbayeva туралы мәлімет.

"Қазақстанның қаржы министрлігі шулы офшорлық тізімде қазақстандықтардың аты-жөндері жүргенін талдайды" деп хабарлады осы министрліктің мемлекеттік кірістер комитеті өкілі Жамбыл Сұрағановқа сілтеме жасаған Tengrinews агентігі.

"Қазір сараптап, деректер қорымен салыстырып жатырмыз. Жұмыстың нәтижесіне қарай тиісті шешімдер қабылданады. Ол жайлы білеміз, тексеріп жатырмыз" деген қаржы министрлігі өкілі.

Мамырдың 9-ы күні «Панама құжаттары» деген атпен белгілі, офшордағы табыс көздері туралы журналистік зерттеудің тағы бір бөлігі жарияланған. Ол деректе қазақстандық 250 жеке және 8 заңды тұлғаның есімі аталған.

Олардың арасында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы мен жиенінің - Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиевтің есімдеріне ұқсас аты-жөндер де бар. Бұл мәліметті жариялаған халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) дерегінше, Dariga N. Nazarbayeva 2007 – 2012 жылдары британдық Виргин аралдарында тіркелген Asterry Holdings LTD офшорлық компания иелерінің бірі болған.

Олардан бөлек білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің аты аталады. Тізімде Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаевтың бауыры Ерік Айдарбаевтың, бұрынғы Мәжіліс депутаты Қабиболла Жақыповтың ұлдары – Жасұлан және Аслан Жақыповтардың, бұрынғы премьер-министр Нұрлан Балғымбаевтың ұлы Төлеген Балғымбаевтың және басқа да лауазымды тұлғалардың аты-жөндерімен сәйкесетін есімдер кезігеді.

Кейбір елдерде «Панама құжаттары» офшорлық іс-әрекеттерін әшкерелеген саясаткерлер қызметтен кетуге немесе жұртшылыққа құпия болып келген мәліметтерге қатысты түсініктеме беруге мәжбүр болған.

Қазақстан бас прокуратурасы ICIJ материалдарындағы мәліметтерге қатысты Азаттықтың жазбаша сауалына берген жауабында әшкере болған деректерге қатысты тексеру жүргізбейтінін хабарлап, оны «бұл материалдардың шығу көздері туралы қандай да бір шынайы мәлімет жоқтығымен» түсіндірген.

Бірнеше күн бұрын парламент мәжілісіне "Ақ жол" партиясынан сайланған депутат Азат Перуашев офшорлық аймақтар арқылы жасалатын қаржылық іс-әрекеттерді реттеу шараларын қабылдауды сұрап, премьер-министр Кәрім Мәсімовке сауал жолдаған.

XS
SM
MD
LG