Беларусь оппозициялық белсенділері бүгін Минск қаласы орталығындағы Янка Купала бағында жиналып, Беларусь ұлттық конгресін (БНК) құру туралы мәлімдеме жасады. Жиынға 300-ге жуық адам қатысқан.
Ұйымдастыру комитетінің айтуынша, БНК құрудағы мақсат – оппозициялық демократиялық күштердің басын біріктіру. Ұйымдастыру комитеті құрамына енгендердің арасында Беларусь президенттігіне экс-кандидаттар Николай Статкевич пен Владимир Некляев, сонымен бірге Беларусь жоғары кеңесінің бұрынғы төрағасы Станислав Шушкевич бар.
Билік оппозициялық жиынды өткізетін орын беруден бас тартқандықтан Беларусь ұлттық конгресінің құрылтайы көшеде өтті. Жиын барысында оған қатысушылар оппозицияның бірігуі туралы мәселемен бірге Беларусь экономикасының дағдарыстан шығу мүмкіндіктерін және биыл күзде өтуі тиіс парламент сайлауын да талқылаған.