Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік деңгейде офшорға салық енгізу дамушы елдердегі білім және денсаулық салаларын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берер еді деп мәлімдеді. Ол Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен Дүниежүзілік банк (ДБ) ғаламдық экономиканы офшорсыздандырудың тиімді шараларын ұсынса деген пікір білдірді.
Қазақстан президенті келтірген дерек бойынша, қазіргі кезде офшорлық шоттарда 30-40 триллион долларға жуық қаржы бар. Назарбаев бүгінгі таңда әлемдік экономиканың кірісін алып-сатарлық қаржы құралы ретінде пайдалану немесе офшорлық аймақтардағы шоттарда сақтаудың орнына білім, денсаулық сақтау және инфрақұрылымдарды дамытуға салу үшін жағдай туғызу керек деп санайды.
Осы айда халықаралық журналистік зерттеу орталығы (ICIJ) интернетке салынған, «Панама мұрағаттары» деп аталған офшорлық есепшоттар туралы құжаттардан әрбір қолданушының қалаған ақпаратты алуына мүмкіндік ашты. Әлемдегі ондаған елдің жоғары шенді тұлғаларына қатысты деректерде қазақстандық бірқатар шенеуніктің де аты-жөні кездеседі. Солардың арасында Қазақстан президентінің қызы Дариға Назарбаева мен жиені Нұрәлі Әлиевтің аты-жөніне ұқсас «Dariga N.Nazarbayeva», «Nurali Aliyev» деген офшор иелері де бар.
Кейбір елдерде «Панама мұрағаттары» офшорлық іс-әрекеттерін әшкерелеген саясаткерлер қызметтен кетуге немесе жұртшылыққа құпия болып келген мәліметтерге қатысты түсініктеме беруге мәжбүр болды. Қазақстан бас прокуратурасы Азаттықтың жазбаша сауалына берген жауабында ICIJ зерттеуінде әшкере болған деректерге қатысты тексеру жүргізбейтінін хабарлап, оны «бұл материалдардың шығу көздері туралы қандай да бір шынайы мәлімет жоқтығымен» түсіндірген.
200 мыңнан астам офшорлық компания туралы ақпараты бар «Панама мұрағаттарымен» Offshoreleaks.icij.org сайтынан әркім таныса алады. Онда, кейбір деректер бойынша, Қазақстаннан офшорлық аймақтарға қатысы бар делінген 260 жеке тұлға, он шақты компания, жеті делдал мен 243 заңды тұлғаның мекенжайы көрсетілген.