АҚШ қолдайтын күрд және араб көтерілісшіл топтары Сирияның солтүстігінде "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымына қарсы жаңа майдан ашты. Ақпараттарға қарағанда, сириялық көтерілісшіл топтар ИМ-нің адам және жүк тасымалдайтын маңызды маршрутын кесу үшін Түркиямен шекараға жақын ИМ бақылауындағы Манбиж қаласына қарай жылжып барады.
Syrian Observatory for Human Rights ұйымының мәліметінше, көтерілісшіл топтар Манбижден 15 километр қашықтықтағы 16 елді мекенге бақылау орнатқан. Ұйым АҚШ бастаған шетел коалициясының осы ауданға жасаған әуе соққылары салдарынан 15 бейбіт тұрғын қаза тапқанын айтады. АҚШ үкіметіндегі құпия дереккөздері қаланы алуға бірнеше мың әскер жіберілгенін айтады. Қаланы қоршау және басып алу бірнеше аптаға созылуы мүмкін. АҚШ арнайы базасындағы біраз әскери қызметкер операцияға әскери кеңесші ретінде тартылады.