Семейде «рұқсатсыз митинг ұйымдастырды» деп айыпталып, 15 тәулікке қамалған азаматтық белсенділер Кенжебек Сұлтанбеков пен Фарид Ишмухаметов бостандыққа шықты.
Бұл туралы Азаттыққа семейлік белсенділер Марлан Есілбаев пен Майра Әбенова хабарлады. Олардың айтуынша, Сұлтанбеков күндізгі сағат үште, ал Ишмухаметов кешкі алтылар шамасында шыққан. Оларды түрме сыртында туыстары мен достары қарсы алған.
Кешеден бері Алматы мен Астанада да 15 тәулікке қамалған белсенділер бостандыққа шыға бастаған.
"21 мамырда жер реформасына қатысты бүкілқазақстандық митинг өтеді" деген ақпарат тараған соң мамырдың 17-сінен бастап 30-ға тарта адам ұсталып, 10-15 тәулікке дейін қамалған.
21 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында жерді сату және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруге қарсы митингіні полиция болдырмай, оған қатыспақ болған ондаған адамды ұстаған. Ұсталғандардың кейбіріне митингіге қатысты айып тағылып, әкімшілік айыппұл салынған. Ұсталғандар арасында ондаған журналист пен азаматтық белсенділер де болған.