Accessibility links

Ақтөбеде шабуылға күдіктілерге іздеу жарияланды


Әлеуметтік желіде Ақтөбеде атыс болған жерден түсірілген деп сипатталған видеодан скриншот.
Әлеуметтік желіде Ақтөбеде атыс болған жерден түсірілген деп сипатталған видеодан скриншот.

Ақтөбеде 5 маусымдағы шабуылдарға күдікті деп іздеу жарияланған жеті адамның аты-жөні жарияланды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Күдіктілердің жас шамалары - 26-33 жас аралығында. Іздеу жарияланғандардың бесеуі - Ақтөбе облысының тумасы, екеуі - Ақмола және Қызылорда облыстарының тумалары. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті іздеу жариялаған күдіктілер - Дмитрий Таңатаров, Арсен Таңатаров, Айдос Жұбанов, Бақыт Қуанышбаев, нұрлан Сейілов, Әлібек Ақпамбетов, Айдар Башымов.

Жергілікті полиция күдіктілер туралы қандай да бір мәлімет білетін ақтөбеліктердің хабар беруін сұрайды. Мазмұны осындай хабарландыру жергілікті телеарналардан оқтын-оқтын беріліп жатыр.

Ақтөбедегі арнайы операция әлі де аяқталған жоқ. Сондықтан атқарушы билік қала тұрғындарының қауіпсіздік мәселесіне айрықша мән беруін сұрайды.

5 маусымнан бастап Ақтөбедегі мекеме-кәсіпорындардың көпшілігі жұмысын уақытша тоқтатып тастады. Банктер де жұмысын тоқтатқан. Балабақшалардан бастап, ірі сауда орталықтары, базарлар мен көңіл көтеретін орындар жабық. Тіпті шағын дүкендердің өзі жабылған. Ақтөбе мен облыс орталығына жақын елді-мекендердегі дүкендердің көбінен азық-түлік сатып алу да мүмкін емес.

6 маусымға маусымға жоспарланған мектеп бітірушілердің Ұлттық бірыңғай тест сынағы да кейінге 7 маусымға қалдырылды. Стратегиялық маңызы бар нысандарда күзет күшейтілді. Қаланың кіре берісіндегі тас жолдардың барлығын оқ өтпейтін кеудеше киіп, қарулы полиция қызметкерлері күзетіп тұр.

Ішкі істер министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, 5 маусымнан бері атыс пен террорға қарсы операциядан оққа ұшқан күдіктілер саны 13-ке жетті. 5 маусымдағы шабуылдан 7 адам, оның ішінде төрт бейбіт тұрғын мен үш әскери қызметкер қаза тапқан.

Қазір Ақтөбе ауруханаларында террорға қарсы операция кезінде жарақат алған 21 адам ем алып жатыр. Олардың бесеуі - шабуыл жасады деген күдікті.

XS
SM
MD
LG