Халықаралық тергеушілер Malaysian Airlines компаниясының MH17 рейсі апатқа ұшыраған ауданнан "Бук" зымыранының сынықтары табылғанын мәлімдеді. Нидерландылық тергеушілер Ресей "Бук" зымыраны туралы көбірек ақпарат беруі тиіс дейді. Тергеушілер 2014 жылы шілдеде 298 адам қаза тапқан MH17 рейсінің апатына "Бук" кешенінен атылған зымыран себеп дейді.
Батыс елдері мен Украина "Бук" зымыран кешенін Ресей қолдайтын сепаратистер атқан дейді. Ресей MH17 рейсін украиналық әскерилер атқан дейді.
Malaysian Airlines компаниясының Куала-Лумпурден Амстердамға бет алған Boeing 777 ұшағы Украинаның шығысында сепаратистер бақылауындағы ауданда апатқа ұшыраған. Өткен жылы Нидерланд қауіпсіздік кеңесі жариялаған есепте MH17 рейсін ресейлік "Бук" кешені атып түскені айтылған. Бірақ ол кешеннен зымыранды нақты кім атқаны айтылмайды. Нидерланд қауіпсіздік кеңесінің басшысы Тьиббе Яустр сол кезде "Бук" кешені атылған ауданда сепаратистер әрекет еткенін айтқан.
Нидерланд тергеушілері тергеу қорытындысы биыл күзде жарияланатынын мәлімдеген.