Accessibility links

"Астана ЭКСПО-2017" ісіне қатысты 11 адам сотталды


Астананың қылмыстық істер сотындағы сот отырысының үзіліс кезінде "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев өзінің қорғаушыларымен сөйлесіп тұр. Астана, 4 сәуір 2016 жыл.
Астананың қылмыстық істер сотындағы сот отырысының үзіліс кезінде "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев өзінің қорғаушыларымен сөйлесіп тұр. Астана, 4 сәуір 2016 жыл.

Астана қалалық қылмыстық істер сотында бүгін "Астана Экспо-2017" ұлттық компаниясындағы қаржы жымқыру ісіне байланысты 11 адамға үкім шықты. 11 адам мен компанияның құрылыс департаментінің бұрынғы басшысы Қажымұрат Үсенов бұған дейін прокурор таққан айыптармен келісеітіні туралы процессуалдық келісім жасасқан.

Сотты жүргізіп жатқан судья Қажымұқан Мекемтас "қаржы жымқырды", "қылмысқа айдап салды, көмектесті", "сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" деп айып тағылған 11 адамның екеуіне бас бостандығын шектеу, бесеуіне бас бостандығынан айыру, төртеуіне айыппұл салу үкімін шығарды.

Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, "Southfork ltd" фирмасының атқарушы директоры Сейіт Сейітовке бес жылға, пен бас директоры Нұрлан Ақпамбетовке төрт жылға бас бостандығын шектеу үкімі шыққан.

"Компания АДС" басшылары Алпысбек Тілекметов пен Марс Шорманов 2,5 жылға, Алматы технологиялық университетінің доценті Ринат Ақылбаев 1,5 жылға, Сергей Ильин үш жылға, "Southfork ltd" фирмасы филиалының директоры Вячеслав Пягай 3 жылға сотталған.

"Петроспек" фирмасының директоры Ерлан Тілеуов, "Құрылыс консалтинг" Ұлттық орталығы" директорының міндетін тақарушы Серік Найзабеков, "Dos Group" фирмасының директоры Самат Сардарбеков, "Ирбис Транс ЛТД" фирмасының директоры Талғат Сағындықовқа 10 мың айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде (бір АЕК 2121 теңге) айыппұл салынған.

Бұл іс бойынша айыпталған Қажымұрат Үсеновке судья екі жыл бас бостандығынан айыруға, "қылмыстық жолмен табылған қаржыға алған дүние-мүлкін" тәркілеп, мемлекеттік органдарда немесе коммерциялық ұйымдарда лауазымды қызмет атқаруына өмір бойына тыйым салуға үкім еткен. Судья бұған қоса Үсеновтің мемлекеттік атақ-даңқынан, оның ішінде "Құрмет" орденінен айыру туралы президенттің атына ұсыныс жолдауға қаулы шығарған.

Бұл іс бойынша "Астана ЭКСПО-2017" компаниясының бұрынғы бірнеше басшысы - бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев, атқарушы директоры Суламбек Баркинхоев, Ермегияевтің екі орынбасары сотталып жатыр.

XS
SM
MD
LG