Accessibility links

Мәсімов: Заңдарға қауіпсіздікке қатысты өзгерістер енгізу керек


Кәрім Мәсімовтің (ортада) Ақтөбеге келген кезі. Ақтөбе, 15 маусым 2016 жыл.
Кәрім Мәсімовтің (ортада) Ақтөбеге келген кезі. Ақтөбе, 15 маусым 2016 жыл.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов үкімет жақын уақытта Қазақстан заңдарына қауіпсіздікті күшейтуге қатысты өзгерістер енгізуді ұсынатынын мәлімдеді деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Астанада парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген Мәсімов Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барғанында "өзі үшін бірінші орында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды болғанын" айтты. "Бұрын баспана, су, газ, азық-түлік тарифтері сияқты мәселелерді көтерсе, қазір бірінші орында ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету алға шықты. Сондықтан, мемлекет басшысының тапсырмасымен жұмыс тобы құрылды. Біз жақын уақытта заңнаманы өзгерту ұсынамыз. Басқа да ресурстарды қарап, қазақстан азаматтары өздерінің өмірін мемлекет қорғайтынына сенімді болу үшін арнайы құқықтық орындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қолға аламыз" деді Мәсімов жиында.

Маусымның 5-і күні бір топ қарулы «діни радикалдың» Ақтөбеде екі қару-жарақ дүкенін тонап, полиция мен әскери бөлімге шабуыл жасағаны хабарланған болатын. Қазақстанның ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов маусымның 14-і күні 25 шабуыл жасаушының «түгел көзі жойылғанын» хабарлады. Ақтөбедегі шабуылдаушылар қолынан барлығы жеті адам қаза тапты. Олардың үшеуі - әскерилер, төртеуі - бейбіт тұрғындар.

Мәсімов шабуылдан кейін, 15 маусымда Ақтөбе облысына барып, облыстық күштік құрылымдар басшыларымен кездескен. Кездесуде Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаменті, ішкі істер департаменті басшылары органдардың материалдық-техникалық базасы әлсіз екенін және кадр жетіспейтінін айтқан.

Шабуылдарға байланысты Қазақстан бойынша 40 күн мерзімге террорлық қауіп-қатердің сары деңгейі, Ақтөбеде қызыл деңгейі жарияланған. Күдіктілер ұсталып не жойылған соң Ақтөбе облысы бойынша террористік шабуыл қаупі сары деңгейге түсірілген. Ақтөбедегі оқиғаларға билік "террорлық шабуыл" деген баға берді, алайда әзірге қандай да бір ұйым бұл шабуылды мойнына алған жоқ.

XS
SM
MD
LG