Accessibility links

Астана: АҚШ-та Храпунов пен Әблязовтің активтерін бұғаулау ұзарды


Мұхтар Әблязов.
Мұхтар Әблязов.

Нью-Йорктегі АҚШ-тың федералдық округтік соты Мұхтар Әблязов пен Виктор Храпуновтың АҚШ-тағы активтерін бұғаулу туралы шешімін ұзартты деп хабарлайды Қазақстан әділет министрлігі.

Министрліктің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, бұған дейін БТА Банк, Алматы қалалық әкімдігі мен Қазақстан әділет министрлігінің өтініші бойынша Әблязов пен Храпуновтың АҚШ-та "қылмыстық жолмен тапқан" ондаған миллион долларлық активі бұғатталған.

"Қазақстан әділет министрлігі жұмысын үйлестірген заң кеңесшілері сотты Нью-Йорк федералдық соты бұл мәселемен айналысатын құзыретті сот екенін сендіре алды. Сот жауапкер тараптың істі тоқтату туралы барлық уәжін қабылдамай тастады. Осылайша, АҚШ-тан қаржыны заңсыз шығару әрекетінің алды алынды" делінген министрлік хабарламасында.

Ресми ақпаратқа қарағанда, істі қараған сот Қазақстан жағы Храпунов отбасы бақылауындағы компанияның Нью-Йорктың жылжымайтын мүлік нарығында инвестициялық қызметпен айналысқанын дәлелдей алды деп тұжырған. Сот Қазақстан жағының қамдану шараларын жасау туралы өтінішін мақұлдап, қаржыны бұғаулау шешімін ұзартқан.

Бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің үлкен қызы Мәдинаға үйленген Ілияс Храпунов – Алматының бұрынғы әкімі, қазір Швейцарияда тұрып жатқан Виктор Храпуновтың ұлы. 65 жастағы Виктор Храпуновқа Қазақстан билігі коррупциялық айыптар бойынша іздеу жариялаған.

"БТА Банк" 2015 жылы қарашада Ұлыбритания соты банктің шағымы бойынша Ілияс Храпуновтың активтерін бұғаулағанын хабарлаған. Ұлыбритания соты банктің шағымы бойынша Храпуновты «британ сотының талабын бұзып, Әблязовке активтерін пайдалануға көмектескен» деп тапқан.

XS
SM
MD
LG