Бангладеш астанасы Дакка қаласында кафедегі адамдарды кепілге алған оқиға барысында 20 бейбіт адам қаза болған. Әскерилердің мәліметі бойынша, жұма күні кешкісін содырлар кафені басып алған соң әлгі адамдардың көпшілігін өткір қарумен өлтірген.
Сенбі күні таңертең Бангладеш қауіпсіздік қызметі кафені шабуылмен алған соң онда кепілде болған 13 адам (үшеуі – шетелдік) босатылған. Алты күдіктінің көзі жойылған.
Полицияның хабарлауынша, кепілге алынғандарды азат ету операциясы аяқталған. Бірақ қылмыскерлердің кейбірі қашып кеткен деген күдік бар. «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы Бангладештегі кафеге шабуылға жауапкершілікті алатынын мәлімдеген.