Ресей тергеу комитеті голландиялық тергеушілерге Malaysian Airlines компаниясының апатқа ұшыраған ұшағына қатысты құжаттар бергенін, бірақ оған қатысты ешқандай жауап алмағанын хабарлады.
Комитет төрағасы Владимир Маркин өздерінде болған барлық құжаттарды голландиялықтарға бергенін мәлімдеді. Ол өзі басқаратын комитет голландиялық тергеушілермен бірге жұмыс істеуге дайын екенін де айтты. Ресей жағының сөзінше, Голландия тарапы құжаттарды қабылдағанымен, бірігіп жұмыс жасаудан бас тартқан.
Нидерланд тергеушілері Malaysian Airlines компаниясының MH17 рейсі апатқа ұшыраған ауданнан "Бук" зымыранының сынықтары табылғанын мәлімдеген. Олар Ресей "Бук" зымыраны туралы көбірек ақпарат беруі тиіс дейді. Тергеушілер MH17 рейсінің апатына "Бук" кешенінен атылған зымыран себеп деген.
2014 жылы шілдеде Malaysian Airlines компаниясының Куала-Лумпурден Амстердамға бет алған Boeing 777 ұшағы Украинаның шығысында сепаратистер бақылауындағы ауданда апатқа ұшырап, борттағы 298 адам қаза тапқан. Өткен жылы Нидерланд қауіпсіздік кеңесі жариялаған есепте MH17 рейсін "ресейлік "Бук" кешені атып түсіргені" айтылған. Бірақ ол кешеннен зымыранды нақты кім атқаны айтылмайды. Нидерланд қауіпсіздік кеңесінің басшысы Тьиббе Яустра сол кезде "Бук" кешені атылған ауданда сепаратистер әрекет еткенін айтқан.