Түркия президенті Режеп Ердоған АҚШ президенті Барак Обаманы сол елде тұрып жатқан ықпалды діни тұлға Фетхулла Гүленді Түркияға беруге шақырды. Анкара Түркиядағы қарулы төңкеріс әрекетіне Гүленнің қатысы бар дейді.
75 жастағы Фетхулла Гүлен кеше Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандарды айыптап, осы бүлікке қатысы бар деп өзін кінәлаған Анкараның таққан айыбын үзілді-кесілді жоққа шығарған.
Барак Обама әзірше Анкараның сұрауына қатысты жауап айтқан жоқ. Бұған дейін, сенбі күні Ақ үй жариялаған мәлімдемеде Обама Түркия билігін тұрақсыздық пен зорлық-зомбылыққа апарып соғуы мүмкін оқиғаларға жол бермеу үшін заңға сәйкес әрекет жасауға шақырған.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри сенбі күні Түркия сұратпас бұрын ең әуелі Гүленнің мемлекеттік төңкеріс әрекетіне кінәлі екенін дәлелдеуі тиіс деп мәлімдеген.
Түркияда сенбіге қараған түні әскерилердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған әрекеті сәтсіздікке ұшыраған соң қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, бүлікке қатысы бар деген күдікке ілінгендер ұсталған. Жұма күні кешкісін Түркия қарулы күштерінің бір бөлігі елде әскери жағдай жариялап, үкіметтен билікті өз қолына алатындарын мәлімдеген соң жаппай тәртіпсіздіктер мен қақтығыстар салдарынан, нақтыланған мәлімет бойынша, 161 адам қаза болған, 104 бүлікші өліп, 1440 адам жараланған. 2830 әскери тұтқындалған.