Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы оқиғаға байланысты Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізген. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Алматыда бүгін түске дейін белгісіз қарулы адамдар Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі мен ҰҚК департаментіне шабуыл жасаған. Ресми ақпарат бойынша, қаза тапқандар арасында үш полиция қызметкері мен бір бейбіт тұрғын бар. Жеті полиция жарақаттанған.
Республикалық антитеррорлық орталық шабуылға байланысты Алматы аумағында террорлық қауіп-қатердің "қызыл" деңгейін жариялаған.
Осыған байланысты қазір қаладағы ірі сауда орындары, банк бөлімшелері бүгінгі жұмыстарын аяқтаған. Вокзал, әуежай және метрода тексеру жұмыстары күшейтілген.