Спорттық арбитраж соты (CAS) Ресей олимпиада комитетінің Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының (IAAF) шығарған шешіміне қарсы аппелациясын қанағаттандырмады. Бұл туралы Спорттық арбитраж сотының ресми сайтында хабарланды.
Осыған дейін IAAF жеңіл атлетикадан Ресей құрамасын толығымен олимпиада ойындарынан шектеу туралы шешім шығарған. Кейін бұл шешімге қарсы Ресей сотқа шағым түсірген еді.
Дегенмен олимпиада ойындарының басты ұйымдастырушысы ретінде Халықаралық олимпиада комитеті CAS шешіміне қарамастан Ресей жеңіл атлеттеріне Рио ойындарына қатысуға рұқсат беруіне құқығы бар. Бұл туралы арбитраж сотының бас хатшысы Матье Риб мәлімдеді.
Бүкіләлемдік допинг агенттігінің 2015 жылғы қарашадағы есебінен кейін Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы (IAAF) Ресей жеңіл атлеттерін жарыстардан шеттетіп тастаған. Халықаралық антидопинг агенттігі (WADA) жариялаған есепте ресейлік атлеттердің антидопинг ережесін бұзғаны, рұқсат етілмеген препараттар қолданғаны туралы деректер келтірілген еді.
Маусым айында өткен IAAF жиынында бұл шектеу күшінде қалған. Ал Халықаралық олимпиада комитеті Ресейден бөлек елдердің допинг тексеруден өткен атлеттері ғана олимпиадаға қатысатыны туралы шешім шығарған.