Accessibility links

Қандыағашта нөсер салдарынан бірнеше үй суда қалды


Ақтөбе облысының аумақтық картасы.
Ақтөбе облысының аумақтық картасы.

Жексенбі күні Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш кентінде қатты нөсер салдарынан тұрғын үйлерді су басып, кейбір жолдардың бөлігін су шайып кеткен. Арнайы құрылған жедел штабтың мәліметі бойынша, 7 жеке үй мен 47 аула су астында қалған.

Қандыағашта кей жерде су деңгейі 20 сантиметрге дейін жетіп, 3-ші мектеп-гимназия мен «Самал» балалар бақшасының жертөлесін су алған. Кенттің ықшамаудандарын жалғастыратын тас жолдарды су шайып кеткен.

Тұрғындар Қандыағашта сенбі күні таң алдында басталған жауын әлі тоқтамағанын айтады.

– Екі тас жол бұзылды. Жауын суы жоғарыдағы көршілерімізден өтіп, 4-қабаттағы менің пәтеріме де жетті, - дейді «Жастар» ықшамауданында тұратын Ақгүл Темірбайқызы Азаттыққа.

Ақтөбе облыстық әкімдігі төтенше жағдай қызметінің елуге жуық өкілі су басқан аудандарда жүргенін хабарлады. Жергілікті синоптиктер тұрғындарға шілденің 24-і мен 25-і күндері Ақтөбе облысы аумағында нөсер болатыны жайлы ескертіп, SMS-хабарлама жолдады.

XS
SM
MD
LG