АҚШ-тың бірінші ханымы Мишель Обама Демократиялық партия съезінде Хиллари Клинтонды президент болуға лайық бірден-бір кандидат деп атады. Президент Барак Обаманың зайыбы Мишель Обама Республикашыл партия кандидаты Дональд Трампты "араздастыруға бейіл" деп сынады.
"Бұл сайлауда мен бар жауапкершілікпен сенетін бір ғана адам бар. Мен АҚШ президенті болуға әбден лайық деп сенетін бір ғана адам бар және ол біздің серігіміз - Хиллари Клинтон" деді Филадельфияда басталған партияның ашылуында сөйлеген Мишель Обама.
Мишель Обама Трампты сынағанда оның аты-жөнін атамағанымен, ксенофобия мен нәсілшілдікке қатысты айыпталған республикашылдар кандидатын меңзегені айқын білінді.
"Әлдебіреулер қатыгездік танытып, я есерсоқ сияқты әрекет етсе, біз оның деңгейіне түспеуіміз керек" деді Обама.
Партияның төрт күнге созылатын съезінде Хиллари Клинтон АҚШ тарихындағы алғашқы әйел кандидат ретінде тіркеледі деп болжам жасалып отыр.