Ақтөбеде бұған дейін "Сирияға кеткені" хабарланған Руслан Қуанов есімді тұрғынды терроризм күдігімен қамауға алуға санкция берілді деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Руслан Ерболұлы Қуанов қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-тармағы ("терроризмді насихаттап, терроризм актісін жасауға жария түрде шақырды"), 257-бабының 2-тармағы ("террористік топ қызметіне қатысты"), 174-бабының 1-тармағы ("әлеуметтік, ұлттық, рулық, діни алауыздықты қоздырды") бойынша күдікті деп танылған. Сот Қуановты ұсталған күннен бастап қамауға алынсын деген санкция шығарған. Соттан Азаттыққа Қуановтың 1991 жылы туғанын айтты.
2013 жылдың соңында Ақтөбе облысындағы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары «Темір ауданының сегіз тұрғыны Сирияға соғысуға кеткен» деген ақпарат таратқан еді. Азаттық олардың алтауының аты-жөнін анықтаған. Сирияға кетті делінгендердің арасында Руслан Қуанов та бар.
Русланның әкесі Ербол Қуанов сол кезде Азаттыққа ұлы "Египетке араб тілін үйреніп, діни білім алу үшін кеткенін" айтқан.