Бахрейнде қазақстандық үш қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп, құлдықта ұстап отырғаны туралы ақпарат Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшісі Бақыт Батыршаевтан белгілі болған. Бұл туралы елшіге сілтеме жасап Tengrinews.kz сайты хабарлайды.
Батыршаев осыдан бірнеше күн бұрын қыздардың ата-аналары жағдайды баяндап, жәрдем сұраған соң Қазақстан елшілігі ол туралы Бахрейн құқық қорғау органдарына хабар бергенін айтады.
Елшінің сөзінше, сутенерлер өз құрбандарын бір жерде ұзақ ұстамай, үнемі орын ауыстырып отыратындықтан, қыздардың қайда екенін анықтау біраз уақыт алуы мүмкін.
Алдын ала мәлімет бойынша, туыстары жәрдем сұраған үш қыз Бахрейнге Оңтүстік Қазақстан облысынан барған.
Қазақстан елшісі Бахрейнде бұған дейін де қазақстандық қыздардың осыған ұқсас жағдайға тап болғанын айтқан. 2015 жылы әлдекімдер Бахрейнге табысы жақсы жұмыс тауып беретіні туралы уәдемен алдап шақырып, кейін жезөкшілікпен айналысуға мәжбүр еткен үш қазақстандық бойжеткен 2015 жылы қазақстандық дипломаттардың көмегімен Отандарына қайтып оралған.
Қазақстан мен Бахрейн корольдігі арасында жеңілдетілген виза тәртібі енгізілген.