Accessibility links

Ақтөбе облысында теміржол қозғалысы қалпына келтірілді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысы аумағындағы пойыз апатынан бүлінген теміржол қалпына келтірілді. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық әкімдігінен хабарлады.

Әйтеке би ауданының Никельтау-Жоса жол учаскесіндегі қозғалыс Астана уақытымен сағат 18:00-де қалпына келген. Қазір бұл бағытпен жүк және жолаушы таситын пойыздар әрлі-берлі қатынап жатыр.

Кен тиелген 22 вагонның теміржолдан шығып кетуі қозғалысты жарты тәулікке тоқтатып тастады. Теміржол қалпына келтірілгенше Әйтеке би станциясында кідірген Астана-Ақтөбе бағытындағы №87 пойыз ақырғы аялдамаға 7 сағатқа кешігіп келген. Теміржолдағы анықтама қызметінің мәліметінше, Астанадан шыққан жолаушылар пойызы Ақтөбеге 31 шілде күні сағат 13:55-те келуі тиіс болатын. Бұл пойыз Ақтөбе станциясына 31 шілде күні сағат 23:00-де келеді.

31 шілдеге қараған түні Әйтеке би ауданының территориясында кен тиелген 22 вагон теміржолдан шығып кеткен еді. Оқиға болған жол Әйтеке би станциясынан 75 шақырым жерде.

«Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Никельтау-Жоса учаскесіндегі теміржолдан шығып кеткен вагондардың бәрі Қазақстанға тиесілі. Пойыз апатынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.

XS
SM
MD
LG