Спорттық арбитраж соты (CAS) Ресей олимпиада құрамасындағы допинг дауынан соң жарыстардан шеттетілген сегіз ауыр атлеттің барлығының апелляциялық шағымын қабылдамай тастады. Ауыр атлеттердің жарыстарға қатысуына 29 шілдеде Халықаралық ауыр атлетика федерациясы тыйым салған. Сот бұл шешімді "шынайы және үйлесімді" деп таныды. Федерация сегіз атлетке тыйым салып тұрып ресейліктердің допинг сынамаларының "шектен тыс нашар" нәтижелері бұл спорт түрінің "беделіне нұқсан келтіргенін" мәлімдеген еді.
Өткен айда Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) Ресейдегі допинг қолдану мен оны жасырудың мемлекет қолдайтын бағдарламасы бары туралы есебін жариялап, Халықаралық олимпиада комитетіне (ХОК) Ресей олимпиада құрамасын Рио Олимпиадасына жібермеуді ұсынған. Бірақ ХОК ресейлік атлеттерді олимпиадаға жіберу жайын әр спорт федерациясының өз құзыретіне қалдырған.
30 шілдеде ХОК жанынан Ресей олимпиада құрамасы мүшелерін Рио-де-Жанейродағы ойындарға қатыстыру мәселесіне түпкілікті шешім шығаратын қосымша жаңа комиссия құрылған.