Accessibility links

Еуропа соты MH17 рейсі апатына қатысты төрт адамның шағымын қарамақшы


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Еуропаның адам құқығы бойынша соты (ЕАҚС) 2014 жылғы шілдеде Шығыс Украинада әуе апатына ұшыраған ұшақ жолаушыларының төрт туысының жазған шағымы туралы ресми Киевті хабардар етті. Бұл туралы ақпарат жұма күні ЕАҚС сайтында жарияланды.

Шағым берушілер Донбастағы қарулы жанжал болып жатқан аймақтың әуе кеңістігін жаппай, адамдардың өмірін қорғауға қажетті шаралардың барлығын жасамады деп Украина билігін айыптап отыр.

Шағым иелерінің барлығы – Германия азаматтары. Рейн тұрғыны Елена Иоппа Донбаста құлаған ұшақ апаты салдарынан 22 жастағы қызы Ольгадан айрылған. Австралияда тұратын Тим Лаушеттің анасы қаза тапса, ағайынды Крис пен Денизе Кенкенің – әкелері мерт болған.

Шағым берген төртеудің мүддесін сотта адвокат Эльмар Гиемулла қорғайды.

2014 жылы 17 шілдеде Malaysian Airlines компаниясының Куала-Лумпурден Амстердамға бет алған Boeing 777 ұшағы Украинаның шығысында сепаратистер бақылауындағы ауданда апатқа ұшырап, борттағы 298 адам түгелдей қаза тапқан. Былтыр Нидерланд қауіпсіздік кеңесі жариялаған есепте MH17 рейсін «ресейлік «Бук» кешені атып түсіргені» айтылған.

XS
SM
MD
LG