Accessibility links

Ресей Қырым шекарасында әскери әлеуетін күшейтіп жатыр


Қырым мен Украина шекарасы арасындағы Чонгар бақылау-өткізу бекетінде кезекте тұрған адамдар. Херсон облысы, 7 тамыз 2016 жыл.
Қырым мен Украина шекарасы арасындағы Чонгар бақылау-өткізу бекетінде кезекте тұрған адамдар. Херсон облысы, 7 тамыз 2016 жыл.

Украинаның мемлекеттік шекара қызметі 8 тамызға қараған түні Ресей аннексиялап алған Қырымда Каланчак бақылау бекетінен адамдар мен көліктерді тағы да өткізбей тұрғанын хабарлады.

"Осылайша қазір адамдар мен көліктерді Чонгар бекетінде ғана өткізіп тұр, бірақ өте баяу. Ал Чаплинка бекетінде оккупант елдің өкілдері түбекке кетіп бара жатқандарды ғана өткізіп тұр. Каланчак бекеті жұмысын тоқтатқан" деп жазды шекара қызметінің баспасөз хатшысы Олег Слободян Facebook-те. Оның мәліметінше, Қырыммен шектес Херсон облысының әкімшілік шекарасына жақын жерде ресейлік әскерилердің белсенділігі жоғары. 7 тамызда украиналық шекарашылар мұнда екі километр биіктіктен Ресей қарулы күштерінің кем дегенде сегіз Ми-8 тікұшағын және екі ұшқышсыз басқарылатын аппаратын байқаған.

Украиналық ақпарат құралдарының уақытша оккупацияланған территориялар мәселесі жөніндегі министр Георгий Тукке сілтеме жасап хабарлауынша, Қырыммен шекарада қозғалыстың шектелуі ресейлік әскерилердің екінші күн бойы жаттығу өткізіп жатуымен байланысты.

7 тамызда таңертеңнен бастап ресейлік шекарашылар Қырым мен Украина арасындағы барлық үш бекетте адамдар мен көліктерді көткізуді тоқтатқан. Төрт сағаттан соң Чонгар бекеті жұмыс істей бастаған. Ал сегіз сағаттан соң қалған екі бекетте тек Қырымға өтетіндерді жіберіп жатты. Қырым билігі шекара бекеттері қызметінің толық жұмыс істемей тұрғанына қатысты әлі ресми түсініктеме берген жоқ. Куәгерлер Қырымның солтүстігіндегі Армянс және Джанко қалаларымен шектес аудандарда ресейлік әскерилер мен техниканың жиналып жатқанын айтады.

Қырымдық құқық қорғаушылардың мәліметінше, кеше Керчь бұғазы арқылы Ресейден әскери техникалар жеткізіліп, түбекке ішкерілей кеткен. Құқық қорғаушылар Қырымда әскери техникалардың елді мекендермен жүруі белгілі деңгейде қауіп тудырады және ол халықаралық гуманитарлық құқыққа қайшы дейді.

XS
SM
MD
LG