Accessibility links

БҚО-да Азаттық тілшісін Мәсімовтің сапарынан хабар таратуға жібермеді


ҰҚК департаменті қызметкері мен полиция қызметкерлері Кәрім Мәсімовтің сапары кезінде журналистердің тізімде бар-жоғын тексеріп тұр. Орал, 11 тамыз 2016 жыл.
ҰҚК департаменті қызметкері мен полиция қызметкерлері Кәрім Мәсімовтің сапары кезінде журналистердің тізімде бар-жоғын тексеріп тұр. Орал, 11 тамыз 2016 жыл.

Бүгін таңертең премьер-министр Кәрім Мәсімов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Мәсімов ұшағы Орал әуежайына қонған соң Орал-Тасқала жолының жөнделу барысымен танысты.

Азаттық тілшісі Санат Орынәливті Оралдағы Мәсімов барған жерлерге жібермеді. Санат Орынәлиев пен жергілікті "Уральская неделья" басылымының тілшісі Рауль Упоров жолға жақындай бергенде оларға азаматтық киім киген адам өзін Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің қызметкері Әділет Ғабдрақымов деп таныстырып, екі журналистің аккердитация берілген БАҚ өкілдері тізімінде жоғын айтты.

Өзін облыстық ішкі істер департаментінің майоры Құспаев деп таныстырған полицей журналистерді премьер-министрдің кортежін суретке немесе видеоға түсіруге әрекеттенген жағдайда "күзет қызметі ескертусіз атуы мүмкін" екенін ескертті.

Кеше Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі Азаттық журналисіне өзінің және жергілікті тағы төрт журналистің "ҰҚК-нің арнайы тексеруінен өтпегенін" және Кәрім Мәсімовтің Оралға сапары барысындағы іс-шаралардан хабар таратуға жіберілмейтінін хабарлаған.

Жоспар бойынша Кәрім Мәсімов бүгін Оралда жолдарды жөндеу мен азық-түлік өнеркәсібі мәселелеріне қатысты бірнеше жиналыс өткізбек. Премьердің сапары қоғам өкілдерімен кездесумен аяқталмақ.

Кәрім Мәсімов 5 тамыздан бері Қазақстанның облыстарына сапарлап жүр.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG