Қазақстан үкіметі жанынан құрылған жер реформасы жөніндегі комиссия бүгін Астанада өткен отырысында өз миссиясын жемісті орындап шыққаны туралы мәлімдеді. Елде биыл көктемде жаппай наразылық митингілері мен жалғыз адамдық акцияларға, шеруге шыққан жүздеген адамдарды ұстап, ондаған белсендіні әкімшілік айыппен абақтыға жабуға негіз болған жер реформасының даулы мәселелеріне қатысты 10 ұсынысты комиссия мүшелері басым көпшілік дауыспен бекітті. Қазақстанда ауыл шаруашылығын жерін жекешелендіру және шетелдіктерге жалға беруд көздейтін реформа көпшіліктің наразылығына тап болған еді.
Жер мәселесіне байланысты наразылық күшейген соң мамыр айының бас кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі биыл шілденің 1-інен бастап күшіне енуі тиіс даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялаған. Жер комиссиясының негізгі ұсынысы – осы мораторийдің мерзімін 2021 жылдың соңында дейін ұзарту. Жер комиссиясы бүгін қабылдаған қаулыда егер президент Назарбаев мораторий мерзімін бес жылға ұзарту туралы ұсынысты қабыл алса, онда жер комиссиясының жұмысы аяқталды деп саналатыны айтылаған.
Бүгінгі комиссия отырысында азаматтық белсенді Мұхтар Тайжан жер комиссиясының еңбегі жемісті болды деп мәлімдеді.
– Біз президентімізге [Нұрсұлтан Назарбаевқа] алғысымызды айтуымыз керек. Өйткені ол халықтың ұстанымын, пікірін естіп, түсініп, мораторий жариялады, сосын комиссия құрды. Бұл өте дұрыс шешім, - деген ол.
Бірақ комиссия мүшесі, қоғам қайраткері Зәуреш Батталова басқа пікір білдірді. Ол комиссия өткен үш айдың ішінде жерге қатысты даулы мәселелерді шешетін іс тындырған жоқ деп мәлімдеді.
– Комиссияның жұмысын оның атқарған ісінің нәтижесіне қарап бағалайды. Ал нәтиже мынадай: бәтуа (консенсус) да жоқ, халықтың келісімі да жоқ. Халық айтып, жазып жатыр. Бүгін кейбіреулердің пікір жарыстыруын емес, халыққа не дейміз, қандай жауап береміз – сол туралы айтуымыз керек, - деген Батталованың сөзін келтірген Tengrinews.kz
Қазақстан вице-премьері әрі ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов егер жер комиссиясының жұмысы аяқталды деп саналатын болса, оның мүшелері ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы жұмыс топтары және облыстық әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестермен бірлесіп жұмысты жалғастыра алады деп мәлімдеген.
Жер комиссиясы жиынынан Азаттықтың видеотрансляциясы: