Ресейдегі қоғамдық бастамаларға арналған «Российская общественная инициатива» порталында дауыс берген жүз мыңнан астам адам Ресей мемлекеттік думасының депутаты Ирина Яроваяның ұсынысы бойынша қабылданған «антитеррорлық заңдардың» күшін жоюды жақтаған. Бір жарым мың адам даулы заңның күшін жоюға қарсылық білдірген.
Заңның күшін жою туралы қоғамдық бастаманы федералдық деңгейдегі сарапшылар тобы қарауы тиіс. Олар қоғамдық бастаманы жүзеге асыру немесе оны қабылдамай тастау жайлы екі айдың көлемінде өз ұйғарымын жасауы тиіс деп хабарлайды ресейлік «Дождь» телеарнасы.
Ресейде «Терроризмге қарсы іс-әрекет туралы» заңға және терроризмге қарсы тұруға бағытталған қосымша шаралар енгізу туралы жекелеген заң актілеріне енгізілген заң өзгерістері «Яровая заңы» деген бейресми атауға ие болған. Ол түзетулер полицияның өкілетін кеңейтіп, байланыс операторлары мен пошта қызметін көрсететіндердің жұмысын қиындатқан.
Даулы заңның күшін жою туралы бастама авторлары Ресей президенті мен премьер-министріне жолдаған хаттарында «Яровая заңы» елдегі көптеген интернет-компаниялардың банкротқа ұшырауына, сонымен бірге адам құқықтарының шектелуіне апарып соғуы мүмкін екенін ескерткен.