Accessibility links

ХОК: Ресей жеңіл атлеті Пекинде алған алтынын қайтарсын


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) Ресейдің жеңіл атлетика құрамасына 2008 жылы Пекин олимпиадасында эстафеталық жарыста алған алтын медалін қайтаруды міндеттеді. Бұған эстафета құрамындағы атлеттердің бірі Юлия Чермошанскаяның Пекинде алынған допинг сынамасынан тыйым салынған стероид табылғаны себеп болған.

ХОК 16 тамызда Чермошанскаяның Пекинде 400 метр қашықтыққа эстафетада жүгіруде алған алтын медалі мен 200 метрге жекелей сында жүгіруден 8-орын алғаны үшін берілген дипломын қайтаруды талап етеді. Комитет Чермошанскаяның Пекин Олимпиадасының қарсаңында жараланып, медициналық нұсқаулық бойынша дәрі қабылдағанын айтты дейді. "Бірақ ресейдік атлет ол дәрісі туралы сол Олимпиада кезінде айтуы тиіс еді" дейді комитет.

Чермошанская 400 метр қашықтыққа командаластары Александра Федорова, Юлия Гущина және Евгения Поляковамен бірге жүгірген. Ол жарыста күмісті Бельгия атлеттері, қоланы Нигерия атлеттері иеленген еді. Енді ереже алтын Бельгия құрамасына күміс Нигерия құрамасына, ал қола төртінші орын алған Бразилияға беріледі.

Ресей жеңіл атлеттері Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік Ресейде мемлекеттік допингті қолдау бағдарламасы барын әшкере еткен соң Рио Олимпиадасынан түгел шеттетілген.

ХОК Олимпиадаға қатысып, жүлде алған спортшылардың допинг сынамасын жаңа шыққан технология бойынша қайта сынақтан өткізу үшін он жылға дейін сақтайды.

XS
SM
MD
LG