Ақтөбе қалалық сотында Украинаның шығысындағы қарулы қақтығысқа қатысты деген күдікті М.А.Ермолаевтың ісі қаралмақ. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Сот 22 тамызда сағат 10-да басталмақ.
Тергеу мәліметтері бойынша, Ақтөбе облысының тұрғыны Ермолаев 2014 жылдың қыркүйегінен 2015 жылдың ақпанына дейінгі аралықта Украина шығысында үкімет күштеріне қарсы соғысқа қатысқан. Оған "Шетелде қарулы қақтығысқа қатысты" деген айып тағылған.
Сот хабарламасында Ермолаевтың "Қазақстан билік органдарының тиісті өкілеттігінсіз Украина шығысындағы үкімет әскеріне қарсы ұрыс қимылдарына қатысқаны", "өзін-өзі жариялап алған Донецк халық республикасы аумағында соғысып, әскери бөлім нысандарын күзеткені" айтылады.
Күдіктіні 2015 жылы Ақтөбе облыстық ҰҚК департаменті қызметкерлері ол Қазақстанға оралған соң ұстаған.