Accessibility links

Риода жүлдегер атанған ауыр атлеттер Алматыға оралды


Қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимов Рио олимпиадасында штанга көтеріп жатқан сәт. 10 тамыз 2016 жыл.
Қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимов Рио олимпиадасында штанга көтеріп жатқан сәт. 10 тамыз 2016 жыл.

Рио олимпиадасында жүлдегер атанған және жарысқа қатысқан өзге де қазақстандық атлеттер тобы бүгін Алматыға оралды деп хабарлайды vesti.kz спорт сайты.

Спортшыларды әуежайда туыстары, достары, журналистер мен жанкүйерлер күтіп алған. Олимпиада чемпионы Нижат Рахимов үш жыл бойы көрмеген әкесімен қайта қауышқанына қуанышты екенін айтып, өзіне қолдау білдірген баршаға алғысын жеткізген.

Олимпиаданың күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл келесі олимпиадада алтын үшін күресетінін мәлімдеген. Ол өзіне тілектес болып, сенім артқандардың барлығына алғыс білдірді. Рио олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичева бұл жарыстан жүлдемен оралатынына өзінің сенімді болғанын айтқан. Горичева алда бұдан да үлкен жеңістерге жету ниеті барын мәлімдеді.

Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы Рио олимпиадасында бір алтын, бір күміс және үш қола жүлде еншілеген.

Рио олимпиадасы қарсаңында Қазақстанның ауыр атлетика командасының танымал мүшелері допинг дауына қалған еді. Бұған дейін 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы атанған Светлана Подобедова, Мая Манеза, Зүлфия Чиншанло және Илья Ильиннің допинг сынамаларынан тыйым салынған препараттар табылған. Ильиннің 2008 жылы Пекиндегі допинг-сынамасы да теріс нәтижесі көрсеткен. Төртеуі де тексеру аяқталғанға дейін жарысқа қатысудан шеттетілген.

XS
SM
MD
LG