Астана қаласының Есіл аудандық №2 сотында бүгін Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаевтың ісіне қатысты сот отырысы басталды. Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев сот залына күзетсіз, кісенсіз кірді. Сот отырысын көруге келген оншақты адамға Сейітқазы Матаев «қолдау білдіріп келгендеріне» алғыс айтты. Сот процесіне қатысушылардың анкеталық деректері сұралған соң, судья Ақболат Құрмантаев тараптарға сот барысындағы құқықтарын түсіндіріп шықты. Сонымен қатар сот журналистер «іске кедергі келтірмес» үшін сот барысын көрші бөлмеге қойылған монитрордан қарасын деп шешті. Бұдан кейін мемлекеттік айыптаушы - прокурор Ержан Құрманбаев Матаевтарға тағылған айыпты таныстыруды бастады.
Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев 24 ақпаннан бері үйқамаққа алдынған. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынды. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толыққанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады. Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып "қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды" деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген.
3 тамызда өткен алдын ала сот тыңдауында судья адвокаттардың Матаевтарды кепілге үйқамақтан босату, сотты Алматыда өткізу және қосымша сот-экономикалық сараптама тағайындау туралы өтінішін қанағаттандырмай тастаған.