Accessibility links

Қырғыз-өзбек шекара дауына қатысты жергілікті жұрт наразылық білдіріп тұр


Өзбекстанмен арадағы шекара дауына наразы жұрттың жиыны. Қырғызстан, Кербен қаласы, 27 тамыз 2016 жыл.
Өзбекстанмен арадағы шекара дауына наразы жұрттың жиыны. Қырғызстан, Кербен қаласы, 27 тамыз 2016 жыл.

Қырғызстанның Кербен қаласында әкімдік алдына ондаған жергілікті тұрғын жиналып тұр. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне жергілікті елді мекендердің бірінің ауылдық кеңесі депутаты Жанарбек Надырбеков бүгін таңертең хабарлаған. Жиылған жұртпен аудан әкімі Медет Айдаралиев кездескен. Ол наразыларға шекара дауының шешілу барысын айтып берген.

Жиылған жұрт екі ел шекарасында орналасқан Уңғар тау дауын шешуді және апта басында радиореле бекетінде ұсталған азаматтарды босатуды талап етіп тұр.

Ұңғар тауды қорғау комитетінің жетекшісі Шекербек Камчыбектің хабарлауынша, олар шеру өткізбек емес. Оның сөзіне қарағанда, егер халық шеруге шыға бастаса, мәселені тез шешу мақсатында билік Өзбекстан талаптарына көне салуы мүмкін. Камчыбектің сөзіне қарағанда, комитет қырғыз-өзбек шекара комиссиясының 29 тамызда шығуы тиіс шешімін күтпек.

Өзбекстан билігі шекарада даулы аймақ болып тұрған Ұңғар тауды өзікі санайтынын және ұсталған қызметкерлерді шекарадан заңсыз өткен деп есептейтінін мәлімдеді.

22 тамыз күні Өзбекстан полициясы Ұңғар тауға тікұшақпен келіп, сондағы радиореле бекетінің төрт қызметкерін (Қырғызстан азаматтары - ред.) ұстаған. Өзбек билігі оларды "процессуалдық шара" аясында ұстағандарын мәлімдеді. Қырғызстан азаматтары қазір Өзбекстанның Яңиқорған ішкі істер бөлімінде қамауда отыр. Қазір оларды босату үшін екі ел арасында келіссөздер жүріп жатыр.

XS
SM
MD
LG