Шахматтан жасөспірімдер арасында төрт дүркін әлем чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы 12 жасар Бибісара Асаубаева Ресей атынан жарыстарға қатысады. Бұл ақпаратты Азаттыққа анасы Лиана Таңжарықова айтты.
Оның айтуынша, Бибісара Асаубаева енді Мәскеу облысы шахмат федерациясы атынан жарыстарға барады. Шахматшының анасы Азаттық тілшісіне қазір шетелде жүргенін, Асаубаеваның не үшін Ресейге кеткені жайлы елге келген соң толық айтып беретінін мәлімдеді.
Бұл ақпаратты Мәскеу облыстық шахмат федерациясы да растап, ресми сайтында "федерация президенті Сергей Нестеровтың шақыртуымен Бибісара Асаубаев Қазақстаннан Ресей шахмат федерациясына ауысқанын" хабарлады.
Бибісара Асаубаева Тараз қаласында туған. Ол осыған дейін халықаралық жарыстарға Қазақстан атынан қатысып келген. Жас шахматшы Румыния (2008 жылы), Бразилия (2010), Польша (2011) және Грекияда (2013) өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарында алтын алған.