Бүгін Алматының "Ақкент" шағынауданының бір отбасын банк талабы бойынша пәтерінен күштеп шығарды.
Азаттық тілшісіне тұрғындардың хабарлауынша, 57-үй 50-пәтердің тұрғыны Байсымақова Нұргүлдің отбасын сот орындаушылары сот шешімі бойынша үйінен шығарды. Байсымақова Түркиялық "Айт Хаузинг Комплекс" компаниясынан несиеге алған пәтерінің қарызын төлей алмаған соң, қарызын азайтуды, кейін қайтаруға мұрсат беруді сұраған. Бірақ компания қалған қарызды төлетпей пәтерді қайтартуды сұрап сотқа жүгінген. Сот компанияның пайдасына Байсымақова пәтерді босатсын деген шешім шығарған.
Түстен кейін "Ақкент" кешенінің тағы бір тұрғыны Әлия Рахимбаеваның отбасын да пәтерінен шығарады делінген. Бірақ ол үйге сот орындаушылары келмей қалды.
Ақкент шағын ауданындағы үйлерден бұған дейін де қарызын төлей алмаған бірнеше отбасы сот шешімімен үйлерінен шығарылған.