Зүлфия Ғабидуллина бүгін 100 метрге еркін әдіспен жүзуден паралимпиада чемпионы атанды. Ол бұл қашықтықты 1:30.07 уақыт (1 минут 30 секундтан сәл асатын уақыт – ред.) ішінде жүзіп өтіп, паралимпадада әлем рекордын орнатты.
Күміс медаль алған қытайлық Пенг Куипинг (PENG Qiuping) одан төрт секунд қалып қойды - 1:34.71. Қоланы Лондон паралимпиадасында күміс алған украиналық Ольга Свидерска (1:34.86) иеленді.
Ғабидуллина жартылай финалда үшінші орын алып, финалға өткен еді. Ол паралимпиадаға бір аяғы не бір қолы жұмыс істемейтін спортшыларға арналған S3 категориясы бойынша қатысып жатыр. Спортшыны жарыстарға жеке бапкері Саттар Бейсембаев дайындады. Зүлфия Ғабидуллина жарыстан кейін:
- Үлкен дайындықпен келдік. Мемлекет бар жағдайды жасады. Шетелде жаттығу жиындарын өткіздік. Алда тағы медальға таласатын мүмкіндіктер бар. Бүгінгі жеңіс жалғасса деймін. Медаль алуға барымды саламын. Жеңісім паралимпиадаға келген спортшыларға жұғысты болсын. Бұл алтын медаль Қазақстандағы басқа да мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен стимул болады деп сенемін, - деді.
Паралимпиада чемпионы әлі төрт қашықтық бойынша (150 және 50 метрге түрлі әдістермен жүзу) жүлдеге таласады. Қазақстандық жүзгіш 2012 жылы Лондон паралимпиадасында 50 метрге шалқалап жүзуде ғана қатысып, 12-орын алған. Ал 2013 жылы Монреальда (Канада) мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында өткен әлем чемпионатында күміс медаль иеленеді. Ал 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында 50 метрге еркін әдіспен жүзу бойынша чемпион болған.
Бұл алтын медаль Қазақстандағы басқа да мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен стимул болады деп сенемін.Зүлфия Ғабидуллина.
Ғабидуллина Рио паралимпиадасының жолдамасын 2015 жылы Глазгода (Шотландия) өткен мүмкіндігі шектеулі спортшылардың әлем чемпионатында алған. Ол бұл жарыста 50 және 100 метрге еркін әдіспен жүзуден қола медаль иеленген еді.
Зүлфия Ғабидуллина алты жасында жол апатына ұшырап, бір аяғы сал болып қалған. Ол 1990-жылдары мүгедектер арбасымен жарысудан Қазақстан турнирлеріне қатыса бастайды. 1994 жылы Қазақстан спартакиадасында екі алтын алды. Ал 1998 жылы жүзу спортына ауысады. 2008 жылдан бері бері жүзуден Қазақстан паралимпиада құрамасы мүшесі.
Бұл - Қазақстанның жазғы паралимпиададағы алғашқы медалі. Осыған дейін Қазақстан паралимпиада жүлдесін алып көрмеген. Риодағы жарыстың алғашқы күнінің нәтижесі бойынша Қазақстан бір алтынмен 16-орында тұр.