Accessibility links

Астана: Оралман мәртебесін екінші рет алуға болады


Оралман куәлігінің сыртқы мұқабасы (Көрнекі сурет).
Оралман куәлігінің сыртқы мұқабасы (Көрнекі сурет).

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі еңбек, әлеуметтік қорғау және даму комитеті оралман мәртебесінен айырылып, Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіпте ала алмаған этникалық қазақтарға оралман мәртебесін екінші мәрте қайтара беруге шешім шығарды. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің миграциялық департаментіне сілтеме жасаған ҚазАқпарат хабарлады.

Оралман мәртебесінен айырылған этникалық қазақтарға мәртебесін қайта алу үшін облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына, Алматы қалалық миграция және еңбек инспекциясы басқармасына, Астана қалалық жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына өтініш білдіріп, құжат тапсыруы керек. Оралман мәртебесін қайтадан алған соң этникалық қазақтар тіркелген жері бойынша миграциялық полицияға азаматтықты жеңілдетілген тәртіпте қайта алуға өтініш бере алады. Өтініш үш ай мерзімде қаралады.

Оралман мәртебесін екінші рет алғанда оралман куәлігі емес, анықтама беріледі. Анықтама алған күннен бастап алты ай аралығында оралмандар миграциялық полиция басқармасына құжат тапсырып үлгеруі керек.

Оралмандар - Қазақстан билігі шетелден тарихи отанына оралуға шақырған этникалық қазақтар. Қазақстан билігінің мәліметінше, тәуелсіздік алған 25 жылда бір миллионға жуық этникалық қазақ отанына оралған.

XS
SM
MD
LG