Accessibility links

АҚШ Сириядағы исламшыл содырларға қарсы әуе шабуылын тоқтатты


Таяу Шығыстағы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы әуе операцияларына қатысушы АҚШ әскери ұшақтары. (Көрнекі сурет.)
Таяу Шығыстағы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы әуе операцияларына қатысушы АҚШ әскери ұшақтары. (Көрнекі сурет.)

Ресей ресми тұлғаларының сириялық үкімет әскеріне әуеден соққы берілгені туралы мәлімдемесінен кейін АҚШ Сирияның шығысындағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобына қарсы әуе операцияларын тоқтатты. АҚШ қарулы күштері «коалиция күштері сириялық армияны нысанаға алмайды» деп мәлімдеген.

Бұған дейін сириялық армия өкілдері АҚШ бастаған коалиция күштері Сирияның шығысындағы президент Башар Асад әскерінің базасын бомбалады деп мәлімдеген. Қыркүйектің 17-і күні сириялық әскерилер таратқан мәлімдемеде Дейр әл-Зор провинциясындағы базаға жасалған әуе шабуылы салдарынан адамдар қаза тауып, әскери техника бүлінгені айтылған. Сонымен бірге олар ИМ тобы осы шабуылды пайдаланып, сириялық армия әуе базасын жоғарыдан бақылауға мүмкіндік беретін белесті басып алғанын айтып, әуе соққысын «Сирия мен оның қарулы күштеріне қарсы сорақы шабуыл» деп атаған. Сириялық армия мәлімдемесінде «АҚШ ИМ және өзге террористік топтарды қолдайтындығын дәлелдеді» деген.

АҚШ бастаған коалиция Сирия мен Ирактағы қарулы исламшыл содырларға қарсы әуе операцияларын осыдан бір жылдай бұрын бастаған.

Сирияда 2011 жылы азаматтық соғыс басталғалы кемінде 250 мың адам қаза тауып, миллиондаған адам тұрғылықты мекенін тастап кетуге мәжбүр болған.

XS
SM
MD
LG