АҚШ президенттігіне кандидаттар Хиллари Клинтон мен Дональд Трамп жүзбе-жүз өтетін дебатқа дайындалып жатыр. Кандидаттар 26-қыркүйекте Нью-Йорктегі Хофстра университетінде жергілікті уақыт бойынша сағат кешкі тоғызда дебатқа шығады. Кандиттар сайлау кампаниясы барысында барлығы үш рет дебат өткізеді.
Екі кандидат арасындағы тартыс соңғы күндері қатты өршіп келеді. Reuters/Ipsos-тың 26 қыркүйекте сайлаушылар арасында өткізген сауалнамасы бойынша, америкалық дауыс берушілердің көпшілігі кандидатқа осы дебаттың қорытындысына қарап та дауыс беретінін білдірген.
Жылжымайтын мүлік магнаты, республикашылдар партиясының өкілі Дональд Трамп бұрын бетпе-бет дебатқа қатысып көрмеген. Ал Клинтон 2008 жылы АҚШ президенттігіне Демократиялық партиядан үміткер атану үшін партиялас қарсыласы Барак Обамамен сайысқа түскен.
Теледидардан көрсетілетін кандидаттар дебатын 90 миллионнан астам адам көреді деп жоспарланып отыр.
АҚШ-та президент сайлауы 8 қарашада өтеді.