ЖАҢАЛЫҚТАР
Нью-Йоркте президенттікке кандидаттардың дебаты өтіп жатыр

Нью-Йорктегі Хофстра университетінде АҚШ президенттігіне Республикашыл партиядан кандидат Дональд Трамп пен Демократиялық партия кандидаты Хиллари Клинтонның арасында дебат өтіп жатыр.
Кандидаттар 8 қарашаға дейін әрқайсысы бір жарым сағатқа созылатын осындай үш дебат өткізуі тиіс. Болжам бойынша, дебаттар сайлауалды бәсекесіне үлкен ықпал етеді.
Соңғы жүргізілген сауалнамаға қарағанда, сайлаушылардың көпшілігі кандидатқа осы дебаттың қорытындысына қарап та дауыс беретінін білдірген.
Басқа да жаңалықтар
Өскемен әкімдігі бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы шеру өткізуге рұқсат берді

Өскемен әкімдігі бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы шеру өткізуге рұқсат берді. Бұл жөнінде белсенді Леонид Карташовқа сүйенген "Власть" басылымы жазды. Ақпаратқа қарағанда, белсенділер сот арқылы даулап жүріп, рұқсат ала алған. Олар жалғыз адамдық пикет пен митингіге де рұқсат беруді талап етіп отыр.
Бұған дейін әкімдік белсенділерге уақытты кері жылжыту туралы шешімге қатысты наразылық өткізуге рұқсат бермеген. Жергілікті атқарушы орган белсенділер сұраған орынның бос болмайтынын алға тартқан.
Карташевтің сөзінше, ол шара өтеді деген күні алаңға барған кезде ешқандай шара өтпеген, ол үш қолы бар акт толтырған.
Белсенді сотқа жүгінген кезде сот оған әкімдікпен бітімге келуге бір апта берген, алайда тараптар ешқандай келісімге келмеген. 21 ақпанда қоғам белсенділері 28 ақпанда митинг, шеру, пикет өткізу туралы жаңа өтініш берген. Әкімдік шеру өткізуге рұқсат бергенмен мерзімін өзгертуді ұсынған. Енді белсенділер 14 наурызда шеруді жоспарлап отыр.
Атқарушы орган митинг пен пикетке рұқсат бермеген. Қоғам белсенділері бұл шешімдерді сотқа берейін деп жатыр.
- 2024 жылғы 1 наурызға дейін Қазақстанда екі сағат белдеуі болды. Оны өзгертуді ұсынған шенеуніктер бұрынғы уақыт адамның биологиялық уақыт ритмін бұзады деген уәж айтты. Олар бірыңғай уақыт белдеуінің тағы бір пайдасы: бүкіл ел аумағында бизнес процестерді реттеуге және көлікпен тасу қызметін жеңілдетуге септеседі деді.
- Уақыт белдеуі ауысқалы Қазақстанда бұл шешімге қарсылық жиі болып тұрады. Уақытты бұрынғы қалпына келтіруді талап еткен петиция да жарияланып, оған мыңдаған адам қол қойған. Бірақ петицияны қараған құзырлы органдар белсенділер ұсынысын негізсіз деп тапқан.
- 18 желтоқсанда Астана соты Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары атынан үкіметтің бірыңғай уақыт белдеуі туралы шешіміне қарсы арыз түсірген адвокаттың меселін қайтарды. Арыз иелері үкіметтің уақытты жылжыту туралы шешімінің күшін жоюды сұраған еді.
Соғыстан қашқан Игорь Санджиев Қазақстан президентінен саяси баспана сұрады

2023 жылы наурызда соғыстан қашып келген ресейлік Игорь Санджиев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан саяси баспана сұрады. Айтуынша, шамамен екі жылда Қазақстанның ресми орындары оның босқын мәртебесін беру туралы өтінішін орындамаған. Ол шешімді сот арқылы даулағанмен нәтиже болмаған.
"2022 жылы қыркүйекте "арнайы әскери операцияға" қатысу үшін Ресей әскерінің қатарына мәжбүрлі түрде мобилизацияландым. Әскери бөлімді 2022 жылы қарашада тастап кеттім. Одан кейін қудалаудан қауіптеніп, Ресей мен Беларусьте жүрдім. 2023 жылы наурызда босқын мәртебесін сұрау мақсатында Қазақстан мен Ресей шекарасынан заңсыз өттім. Бірақ Қазақстан өтінішімді мақұлдаған жоқ. Қазір маған елден шығару қаупі төніп тұр. Себебі 2024 жылы қыркүйекте Жоғарғы сот босқын мәртебесін беруден түбегейлі түрде бас тартты. Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев, өзіңіздің өкілетіңіздің аясында саяси баспана беруді сұраймын. Мұны тынымсыз еңбекпен, еңбекпен өтеуге үміттенемін" деді Игорь Санджиев президентке жолдаған видеоүндеуінде.
Оның сөзінше, бірнеше беттен құралған жазбаша өтінішті 20 ақпанда Астанадағы ішкі істер министрлігіне апарып, талон алған. Өтініш кемінде үш ай қаралмақ. Министрлік өкілдерінің сөзіне сүйенген оның сөзінше, ведомствоның өзі өтінішті қарастырмайды - олар құжаттарды жинайды. Олар үш ведомство: ұлттық қауіпсіздік комитеті, сыртқы істер министрлігі, еңбек министрлігінің келісімі немесе бас тарту құжатын алмақ. Құжаттарды азаматтық жөніндегі комиссияға тапсырмақ.
Құқық қорғаушылардың сөзінше, Қазақстан президентінен саяси баспана сұрау ел тарихында өте сирек кездесетін жағдай. Бұл совет заманының мұрасындай қалған және саяси қуғын көрген азаматтар көп жағдайда босқын мәртебесін сұрайды. Олар Игорь Санджиевке саяси баспана беретіндігіне де күмән келтіреді.
27-28 ақпанда Азаттық президент және ішкі істер министрлінінің баспасөз қызметіне хабарласып көржді, WhatsApp-тарына сұрақтарды қалдырғанмен әзірге жауап жоқ.
Санджиевтің сөзінше, Ресейде оған қарсы "әскери бөлімді өздігімен тастап кету" және "Ұру" (әкімшілік бап) баптары бойынша іс қозғалған. Ол өзін елге қайтарса, қудаланатынын айтады.
- Ресей Украинаға басып кіргелі бері соғыстан қашқан кей ресейліктер Қазақстанға заңсыз өтіп, босқын мәртебесін сұраған. Олардың көбінің өтініші орындалған жоқ.
- Желтоқсанда Қазақстан Ресей билігі халықаралық іздеу жариялаған Евгений Наказненкоға босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Ресейде Наказненкоға қарсы "әскер туралы фейк таратты" және "терроризмге шақырды" деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған. Азаттық радиосының жазуына қарағанда, Наказненко әлеуметтік желіге соғысқа қарсы бейнероликтер салғаны үшін жазықты болып отыр. Ресей билігі оны халықаралық іздеуге берген. Қазір Наказненкоға да экстрадиция қаупі төніп тұр.
- 2023 жылдың желтоқсан айында Қазақстан соғыстан қашқан ресейлік күзет қызметінің майоры Михаил Жилинді Ресейдің сұрауымен депортация жасады. Ол Қазақстан шекарасын кесіп өткеннің ертесіне-ақ саяси баспана сұраған болатын. Заң бойынша, бұл шекараны заңсыз кесіп өткені үшін деген айыптаудан босатады. Қазақстан заңы адамдарды заңсыз жолмен келген елдің аумағына қайтаруға да тыйым салады. Алайда, Қазақтан соты Жилинді Ресейге депортация жасау туралы шешім шығарды. 2024 жылы Ресей соты Жилинді әскерге жұмылдыру кезінде қашып кеткені және шекараны заңсыз кесіп өткені үшін кінәлі деп танып, алты жарым жылға қатаң режимдегі түрмеге жапты. Жилиннің туыстары Ресейде оны ауыр азаптау күтіп тұр деп мәлімдеген.
- Бұған дейін соғысқа қарсы шыққан саха белсендісі, панк-музыкант Айхал Аммосов (Игорь Иванов) пен Наталья Нарская ұсталып, Алматыдағы изоляторда отырып шыққан еді. Аммосов былтыр қарашада Германияға қоныс аударды. Былтыр күзде соғысқа қарсы ресейлік белсенді, 19 жастағы Павел Владимировтің Қазақстанда ұсталғаны да мәлім болды. Оның да тағдыры белгісіз.
Министрдің отставкасын талап еткен студент кассациялық шағым түсіретінін айтты

Астана сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы ғылым және жоғары білім министрлігіне қарсы шағым түсіріп, бірінші инстанцияда жеңілген студент Медина Майсардың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Студент жоғары оқу орындарына түскен кезде гранттарды үлестіру жағдайына наразы болған.
Апелляциялық инстанция отырысы 26 ақпанда кешке өткен.
Сот алқасы "төтенше жағдай жарияланған өңірлердегі талапкерлерге грант үйлестіру кезінде шағым берушінің құқығы бұзылмаған" деп мәлімдеді.
Медина Майсар соттан кейін Азаттық Азияға берген сұхбатында сот шешімімен келіспейтінін жеткізді.
"Мұнымен тоқтамаймын. Қазір кассациялық шағым түсіруге дайындалып жатырмыз. Білім және ғылым министрлігінің жоқ квота бойынша грант бөлуін сот заңды деп таныса, Қазақстанда жыл сайын көктемде еліміздің солтүстік және батыс аймақтарында су тасқыны болатындықтан, министрлік жыл сайын дәл осылай балалардың құқығын бұзуы мүмкін екен. Сондықтан Қазақстанда балалар құқығының одан әрі бұзылуына жол бермеу үшін сот процесін жалғастырамын" деді Медина Майсар.
2024 жылдың тамыз айында ғылым және жоғары білім министрлігі білім гранты иегерлерінің тізімін жариялаған. Жоғары балл жинаған, бірақ грант ала алмаған қазақстандық талапкерлер (олардың ішінде Медина Майсар да бар) гранттардың әділетсіз бөлінгенін айтқан. Шенеуніктер биыл білім гранттарының 20 пайызын су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жіберген. Бұл шешіммен келіспегендер "министрлік зардап шеккен аймақтарға квотаны талапкерлердің есебінен беруге құқығы жоқ" деп айтқан. Шешімді парламент деңгейінде қарау керектігін алға тартқан.
Ал министрліктің өкілдері бұл шешім заңнамаға қайшы емес деп айтқан. Ведомство өкілдерінің айтуынша, аталған аймақ түлектері емтихан мен ҰБТ-ға өзге аймақтағы құрдастарымен тең жағдайда дайындала алмаған.
- Осыған байланысты министрлік өз құзыреті шегінде қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтін, оның ішінде ҰБТ өткізу мерзімдері, ҰБТ-ның ең жақсы нәтижесін пайдалану да бар, су тасқынынан зардап шеккен түлектерге мемлекеттік тапсырыс көлемін анықтау мәселелері бойынша шұғыл шаралар қабылдады, - деді министрлік өкілдері.
Медина Майсар министрлікті сотқа беріп, ведомствоны өз өкілетін асырды және студенттерді жоғары оқу орнына қабылдау ережесін бұзды деп айыптады. Оның адвокаттарының сөзінше, төмен бал алған талапкерлердің барлығы су тасқыны болған аймақтарда тұрды деп айтуға келмейді.
Медина Майсар сонымен бірге ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті отставкаға кетіруді талап етті. Оны жоғары бал алғанмен оқуға түсе алмаған жүздеген қазақстандық студент қолдады.
Гранттан қағылған талапкерлердің наразылығынан кейін министр Саясат Нұрбек жоғары бал алған түлектерге қосымша 10 мың грант бөлінетінін айтты. Министрлік жарияланған грант иегерлерінің тізімінде Медина Майсар да бар.
Желтоқсанда бірінші инстанциядағы сот Медина Майсардың ғылым және жоғары білім министрлігіне түсірген шағымын кері қайтарып, министрдің бұйрығы "шағым түсірушінің құқығын мен заңды мүдделерін бұзбайды" деп мәімдеді. Шешіммен келіспеген Майсар шешімді апелляцияға берген еді.
Медина Майсар елде өзінің азаматтық белсенділігімен көзге түскен. Ол балалардың құқығын қорғаумен айналысатын "Қазақстанның жастар кеңесі" еріктілер қозғалысының негізін қалаушылардың бірі.
Кадрлық ауыс-түйіс: Өнеркәсіп министрі президенттің кеңесшісі болды. ҚАЖК басшысы бекітілді

Абай Қайырбеков ішкі істер министрінің орынбасары және қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Жұма күні тиісті жарлық Ақорда сайтында жарияланды.
Қайырбековке дейін комитетті басқарған Теңізжан Жәнібеков биыл қаңтарда қызметінен босатылған. ІІМ ақпаратынша, ол өз еркімен қызметінен кеткен. Ол комитетке шамамен бір жыл жетекшілік етті.
Бұған дейін ҚАЖК төрағасының бірінші орынбасары болған Абай Қайырбеков қаңтарда ҚАЖК төрағасы міндетін атқарушы болып тағайындалған. Бүгін ол осы қызметке ресми түрде бекітілді.
Былтыр Солтүстік Қазақстан облыстық соты ҚАЖК-ның СҚО бойынша департаментінің бастығы Әділет Мұстафинге 1 млн теңге көлемінде пара алу ісі бойынша үкім шығарғаннан кейін Теңізжан Жәнібековке сөгіс берілген еді. Ал Мустафиннің өзіне сот 30 млн теңге айыппұл салып, өмір бойы мемлекеттік қызмет істеу құқығынан айырған.
Жұма күні Қанат Шарлапаев өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінен босатылып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық мәселелер жөніндегі көмекші етіп тағайындалғаны белгілі болды.
Шарлапаев өнеркәсіп және құрылыс министрлігін 2023 жылғы кыркүйектен бері басқарған. Оған дейін "Бәйтерек" холдингінің басқарма төрағасы болған.
Шарлапаев өнеркәсіп министрлігін басқарып тұрған кезде утилизация алымы мәселесі жиі көтерілді.
Осыған дейін белсенділер жеңіл көліктерге салынатын утилизация алымы мен ауыл шаруашылығы техникасына салынатын жарнаны алып тастау және көліктерді бастапқы тіркеу жарнасын төмендету туралы петицияға қол жинаған. Оған 50 мыңнан астам адам қол қойғаннан кейін құжат былтыр мамырда үкімет қарауына берілген. Екі айдан соң министрлік петиция талаптарын орындаудан ресми түрде бас тартты.
Шарлапаевтың орнын Ерсайын Нағаспаев басты. Оны өнеркәсіп және құрылыс министрі етіп тағайындау туралы жарлық жұма күні күндіз Ақорда сайтында жарияланды.
44 жастағы Ерсайын Нағаспаев 2022 жылдың қаңтарынан бері "Қазақстан теміржол" ұлттық компаниясының жаңа жобалар бойынша басқармасының төрағасы міндетін атқарушы болған. Әр жылдары "Астана" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басқармасының басшысы болған, Астана қаласы әкімінің орынбасары, Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласының әкімі қызметтерін атқарған.
28 ақпанда Әсет Ерғалиев стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болып тағайындалғаны белгілі болды. Бұған дейін агенттікті Жандос Шаймарданов басқарған.
Bloomberg: Түркия Украинада бітімгер әскерді орналастыруды қолдайды

НАТО-да әскер саны жағынан АҚШ-тан кейін екінші орында тұрған Түркия бейбітшілік келісімі жасалып, Украинада бітімгер әскер орналастыру қажеттігі туындаса, өз әскерін жіберуге дайын. Бұл жөнінде мәселеден хабары бар дереккөзге сүйенген Bloomberg жазды.
Аты-жөнін айтпаған агенттіктің дереккөзінің айтуынша, Түркия президенті Режеп Ердоған бұл мәселені ақпан айында Анкарада Украина басшысы Владимир Зеленский және Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен жеке кездесулер өткізген кезде талқылаған.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропадағы одақтастарының бітімгерлік күштерге қатысуын қолдайтынын және Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беретінін айтқан, алайда бір мезетте бұл бастамаға АҚШ-тың тіке қатыспайтынын меңзеген.
Түркияның бұл ниеті Еуропадағы одақтастар, соның ішінде Ұлыбритания мен Франция үшін маңызды. Алайда Bloomberg дереккөздері атап өткендей, Анкара оны құруға дайындық бойынша барлық кеңес пен басқа шараларға қатыспаса, бітімгершілік миссиясынан мүлде бас тартады.
- Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров 26 ақпанда Катарға сапары кезінде Ресей жағы Украинада Еуропа әскерін орналастыру туралы ұсынысты мүлде қарастырмайды деп мәлімдеген. Лавровтың сөзінше, Ресейден Украина аумағына Еуропа әскерін орналастыру мүмкіндігі жөнінде ешкім сұрамаған. Бірақ Лавровтың сөзінше, АҚШ президенті Дональд Трамп жуырда Франция басшысы Эммануэль Макронмен кездесу кезінде екі жақ келісімімен әскер орналастырылады деп айтқан.
Вашингтонда Трамп пен Ұлыбритания премьері келіссөз жүргізді

АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні Вашингтонда Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездесу кезінде Ресей мен Украинаны бітістіру мәселесінде ілгерілеушілік бар және АҚШ екі елмен қатар жақсы келіссөз жүргізді деп мәлімдеді.
Трамп 28 ақпанда Ақ үйге Украина басшысы Владимир Зеленский келетінін растап, олар Украинаның пайдалы қазбасын бірігіп өндіру туралы келісімге қол қоятынын айтты.
Стармермен кездесу алдындағы пресс-брифинг кезінде "Украина басшысын әлі де диктатор санайсыз ба?" деген сұраққа жауап берген Дональд Трамп "мен солай дедім бе? солай деп айтқаныма сене алар емеспін" деді. Трамп бұған дейін Владимир Зеленскийді "сайланбаған диктатор" деп атап, оның халық арасында беделі "төмен екенін" алға тартқан еді.
Украинаны НАТО-ға қосу туралы сұраққа жауап берген Трамп бұл мүмкін емес, "соғыстың өзі содан басталды" деді.
"Ресей президенті Владимир Путинге сенуге бола ма?" деген сұраққа ол "сенсең де тексер" деп мәтелмен жауап берді. Дегенмен ол Ресей басшысы бейбітшілік келісім шарттарын сақтайтынын және ол қайта шабуылдамайды дегенге сенетінін жеткізді.
Кир Стармермен бірігіп өткізген баспасөз мәслихаты кезінде Трамп кездесу "өте өнімді" болғанын айтып, Ұлыбритания премьері "Украинадағы қанды әрі сұмдық соғыс туралы" жаңа ақпарат бергенін атап өтті.
Трамп өз сөзінде Украинада бейбітшілік "жақын арада орнайды немесе мүлде орнамайды" деді. АҚШ президентінің сөзінше, "бейбітшілік жолында ілгерілеу" жұма күні Владимир Зеленский Ақ үйге келгенде жалғасады. Трамптың сөзінше, Киевпен жасалатын шикізат туралы келісім АҚШ-тың Украинаға берген әскери көмегінің өтеуі болмақ. Ол бір мезетте Украинаны қорғауды "лайықты іс" деп атап, "украиналықтар ерлікпен соғысып жатыр" деді.
Украина бойынша бейбітшілік келісімін жасасу үшін қандай қауіпсіздік кепілдіктерін беруге болатынын айтқан АҚШ президенті "көп жайтты талқылауға ашық" екенін, бірақ алдымен Ресей мен Украина арасындағы келісімнің өзіне қол жеткізгісі келетінін, содан кейін ғана оның сақталуын қамтамасыз ету шаралары туралы сөйлесетінін атап өтті.
Трамп жиын барысында одақ мүшелерін шабуылға ұшыраған одаққа мүше елді қорғауға міндеттейтін НАТО келісімінің 5-бабын қолдайтынын айтты. Дегенмен Трамп одақтастарда бұған ешқандай негіз болмайтын шығар деді. «Менің ойымша, бізді табысты әлем күтіп тұр», - деді Трамп.
Ал Стармер Трамппен бірлескен қорытынды баспасөз мәслихатында Ақ үй басшысымен Украина мәселесі бойынша «қатаң және әділ» болатын бейбітшілік келісімі жөнінде сөйлескенін және Ұлыбритания келісімдерді қолдау үшін өз әскерін бітімгер ретінде жіберуге және «ұшақтарды әуеге көтеруге» дайын екенін айтты. Ол Трампқа «Украинада бейбітшілік орнатуға күш салғаны үшін» алғыс айтты, дегенмен «басқыншыны марапаттайтын бейбітшілік болуы мүмкін емес» деп баса айтты.
«Ұлыбритания мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас бүкіл әлемде нақты қауіп төніп тұрған уақытта бұрынғыдан да маңызды», - деді Кейр Стармер.
Ол сонымен бірге Трамптың Еуропаны күшейту қажеттігі туралы тұжырымдарымен келісетінін жеткізді. Трамп Еуропаның қорғаныс шығындарын ұлғайту керек дегені дұрыс, деді Стармер. Ол Лондон биыл Украинаға бұрынғыдан да көбірек көмек көрсетеді деп уәде берді.
Стармер – осы аптада Трамппен екінші кездескен Еуропа жетекшілерінің бірі. Бұған дейін Вашингтонға Франция басшысы Эммануэль Макрон келіп кеткен. Трамп пен Стармердің кездесуінің күн тәртібінде Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату және Еуропаның қорғаныс пен қауіпсіздік мәселелері де бар.
Кир Стармер сапарының алдында Вашингтонды бейбітшілік келісім жасалып жатса, Украинада Еуропаның бітімгер әскерін орналастыруды қолдауға шақырды.
- 26 ақпанда Дональд Трамп Киевпен жасалайын деп отырған пайдалы қазба туралы келісімнің өзі Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп мәлімдеген. Оның сөзінше, АҚШ Украинаға қосымша қауіпсіздік кепілдігін бермейді. Трамптың сөзінше, ол жақта Америка тұрса, Украинаға ешкім шабуылдамайды.
- Киев пайдалы қазба туралы келісім арқылы АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдігіне қол жеткізгісі келеді. Ақпарат құралдарының жазуынша, келісімнің қазіргі нұсқасында қауіпсіздік кепілдік туралы сөз ғана бар. Зеленскийдің сөзінше, ең бастысы - қазіргі жоба Украинаны АҚШ-қа жүздеген миллион доллар төлеуі керек ел ретінде қарастырмайды.
Жигули Дайрабаев "Ауыл" партиясы төрағасының орынбасары қызметінен босатылды

27 ақпанда "Ауыл" партиясының саяси кеңесі президиумының отырысы кезінде Жигули Дайрабаев партия төрағасының орынбасары қызметінен босатылды.
Партияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыс барысында оны қызметінен босату туралы шешім біраауыздан қабылданған.
Дайрабаевтың қызметінен кетуінің себебі айтылмайды. Саясаткердің өзі әзірге түсініктеме бермеді.
Жигули Дайрабаев парламент мәжілісінің 8-ші шақырылым депутаты. Партия оны депутаттық мандаттан айыра ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев солтүстік өңірдегі жер-су атауларын қазақшалау жөнінде мәселе көтеріп, жария сауал жолдаған. Ізінше ол сауал ресми Youtube-арнадан көрінбей қалды. Бұл оқиғаның оның қызметінен айырылуына қатысы бар-жоғы белгісіз.
Бірнеше жыл бұрын Жигули Дайрабаевтың екі ұлы субсидия қаржысын жеке мақсатқа пайдаланғаны үшін сотталған. Бас бостандығынан айыру жазасын Тараз соты шарттыға ауыстырған.
Qaznews24 паблигі авторы Темірлан Еңсебек ісі тағы кейінге қалды

"Алауыздық қоздырды" деп айыпталған Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің ісін қарау тағы да кейінге қалды. Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының ұйғарымы бойынша іс алдын ала тыңдау кезеңіне қайтарылып, қаланың Наурызбай аудандық сотына жіберілді.
27 ақпанда Алмалы аудандық соты ғимаратындағы залға күдікті Темірлан Еңсебектің өзі әкелінбеді. Оны сотқа тергеу изоляторынан онлайн қосты. Алайда Темірлан Еңсебек дыбыс сапасы нашар екенін, судьядан басқа ешкімді естімей тұрғанын, тіпті адвокаты Жанар Балғабаеваны да естімей отырғанын айтты. Алайда судья оның сөзін назардан тыс қалдырды.
Кейінірек қорғау жағының Темірлан Еңсебекті сотқа офлайн қатыстыру туралы өтініші қаралып, судья қанағаттандырды. Келесі сот отырысына Темірлан Еңсебек сот залынан қатысатын болды. Сот отырысы кезінде ол "маған күлкілі емес" деген жазуы бар қағазды камераға көрсетіп отырды.
Сот залына белсендінің жақтастары, журналистер жиналды. Сотқа қатысушылар арасында "сатира - қылмыс емес" деген жазуы бар шағын парақ таратылды. Негізгі залға жұрт сыймағандықтан келгендердің бір бөлігі мониторы бар қосымша залға отырғызылған. Олар сотты монитордан бақылады.
Қорғау жағы сотқа қатысқысы келетін дипломатиялық миссия және халықаралық бақылаушыларды процеске қатыстыруды сұрады.
Адвокат "қылмыс құрамы болмағандықтан" Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық істі жабуды өтінді.
Ал прокурор Айнаш Жуаспаева істі Наурызбай аудандық сотына ауыстыруды сұрады. Ол "қылмыс жасалған уақытта Еңсебек үйінде, Наурызбай ауданында болған" деді. Адвокат Жанар Балғабаева мен Темірлан Еңсебек прокурордың өтінішіне қарсы шықты. Судья бұл бойынша прокурордың өтінішін қанағаттандырды. Енді сот Наурызбай аудандық сотында өтпек.
Темірлан Еңсебек - Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы. Instagram-да 70 мыңдай фоллоуері бар бұл парақша көбіне саяси тақырыпта шындыққа жанаспайтын әзіл пост шығарумен танылған.
Бірақ Алматы қаласының полиция департаменті 21 қаңтарда оның үстінен іс қозғауға сатиралық жазбалары емес, автордың "бүтін бір этнос өкілін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын белгілері бар материал жариялағаны" себеп болды деп мәлімдеді.
"Қазақстан – көпұлтты ел, сондықтан мұндайға жол берілмейді, Конституцияға сәйкес, ешкімді шығу тегі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы я кез келген басқа жағдай бойынша кемсітуге болмайды. Мұндай іс-әрекеттер Қазақстанның негізгі қағидаттарының бірі саналатын этносаралық келісім мен халық бірлігіне нұқсан келтіреді". Полиция баспасөз қызметі осылай деген.
Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, Темірлан Еңсебектің қамалуына "Йоу, орыстар" деген ән түрткі болған. Еңсебек бейәдеп сөздерден тұратын әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан. Былтыр жазда Алматыдағы рэп-фристайлда "Йоу, орыстар" әнін айтқан видео желіде тарап кеткеннен кейін Алматының әкімшілік соты әнді айтқан белсенді Мария Кочневаны 10 күнге қамаған еді.
Темірлан Еңсебекті полиция 2025 жылғы 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда тергеу соты оны екі айға қамауға алды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздық қоздыру" деп аталатын 174-бабы бойынша іс қозғалған. Бұл бапта айыппұл, шектеу немесе бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған.
Бейсенбі күні адвокат Темірлан Еңсебектің бұлтартпау шарасын өзгертіп, қамаудан бостандыққа шығаруды сұрады. Ал прокурор соттан адвокаттың өтінішін орындамауды өтінді. Бірақ судья Еңсебекті қамауда қалдыру туралы шешім қабылдады.
Темірлан Еңсебек қазір Алматыдағы N72 изоляторда отыр.
Бұған дейін Темірлан Еңсебектің соты екі рет шегерілген. 27 ақпанда сотқа 1,5 сағат қалғанда соттың офлайн өтетіні айтылды.
Медиа саласына маманданған заңгерлер арасында іс қозғауға себеп болған былапытқа толы әннің өзі Интернетте бұрыннан бар екенін, оған тыйым салынбағанын айтқан. Еңсебек те өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады және істің саяси астары бар деп санайды
Бұған дейін International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен "Журналистерді қорғау комитеті", Article 19 ұйымы Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алған. Белсендінің жақтастары Темірлан саяси астармен қудалауға түсіп жатыр деп біледі.
Қазақстанның бірнеше қаласында журналистер мен белсенділер Темірлан Еңсебекке қолдау білдіріп, жалғыз адам пикетін өткізген. Олардың арасында екі журналист 15 күн әкімшілік қамауда отырып шықты, бірнеше белсендіге сот айыппұл салды.
Темірлан Еңсебек алғаш рет істі болып тұрған жоқ. 2021 жылы мамырда полиция оның пәтеріне тінту жүргізген. Ол жолы тергеу орындары "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. Сол іс бойынша "қорғауға құқығы бар куәгер" атанған Еңсебек өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған. Кейін бұл іс тоқтатылған.
ФБР солтүстіккореялық хакерлерді криптобиржалардан $1,5 млрд ақша ұрлады деп айыптады

АҚШ-тың федералдық барлау басқармасы (ФБР) Солтүстік Корея билігімен байланысты хакерлерді ByBit биржасынан құны 1,5 млрд доллар болатын Ethereum криптовалютасын ұрлады деп айыптады. Арнайы қызметтің алдын ала мәліметінше, оқиға 21 ақпанда болған.
ФБР-дің хабарламасына қарағанда, криптовалюта тарихындағы ең ірі тонауды хакерлер TraderTraitor бағдарламалар пакетінің көмегімен жасаған. Бұл өзін криптовалюта саудасы үшін қажет құрал ретінде көрсететін зиянды қосымшалар сериясы, деп түсіндіреді "Коммерсант" басылымы.
"TraderTraitor мүшелері көзді ашып-жұмғанша әрекет етеді және ұрланған активтердің бір бөлігін Bitcoin және басқа да виртуалды активтерге айналдырып үлгерген. Кейін бұл активтер жылыстатылып, ақыры фиат [дәстүрлі] валютаға айырбасталынады" деді ФБР өкілдері.
Ведомствоның хабарлауынша, TraderTraitor-ді Солтүстік Корея билігі демеушілік жасайтын хакерлер тобы пайдаланады. Киберқауіпсіздік бойынша мамандар оларды Lazarus Group, сонымен бірге APT38, BlueNoroff және Stardust Chollima деп атайды. Хакерлер 2020 жылдан бастап белсенді бола бастаған. Солтүстік Корея билігі Lazarus Group-қа қатысы барын мойындамайды.
Әлемдегі ең ірі криптовалюта биржа сауда платформасының бірі Bybit-ті өткен аптада хакерлер шабуылдаған, нәтижесінде құны 1,46 млрд доллар болатын Ethereum жоғалған. Бұл криптотарихындағы ең ірі ұрлық деп айтылады.
БАҚ: Қазақстан Боранбаеваға тиесілі деп айтылатын Швейцариядағы активті даулаудан бас тартты

Швейцарияның федералдық қылмыстық соты қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың әйелі Шолпан Боранбаеваға тиесілі деп айтылатын $212 млн қаражатты бұғаттан босатты. Оның алдында Қазақстан осы активті даулаудан бас тартқан деп жазды сот құжаттарына сүйенген “Власть” басылымы.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әулетінің бұрынғы құдасы кәсіпкер Қайрат Боранбаев Қанды Қаңтардан кейін ұсталып, “газды сату бойынша келісімнен түскен шамамен 14,6 млрд теңге қаражатты жымқырды” деген күдікке ілінген.
Осыдан кейін Қазақстан билігі Швейцарияның бас прокуратурасына сұрау салып, Боранбаев және жақындарына қатысты банк құжаттарын беруді сұраған. 2023 жылы Швейцария соты Шолпан Боранбаеваға тиесілі шотты бұғаттап, Қазақстанға банк құжаттарын беру туралы шешім шығарған.
Сол жылы Боранбаев өзіне тағылған айыпты мойындап, тергеу органдарымен келісімге келген. Ол 6 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекетке активтерінің едәуір бөлігін беруге келіскен.
Осыдан кейін Қазақстан билігі Швейцарияға бірнеше хат жіберіп, аталған активтің заңсыз жолмен алынғаны туралы жеткілікті дәрежеде дәлелі жоғын айтып, шағымын қайтарған.
Боранбаевтың өзі 2023 жылы күзде түрмеден шықты. Оның түрме жазасы бостандықты шектеу жазасымен алмастырылған.
Биыл қаңтарда Швейцария соты есепшотты бұғаттау туралы шешімнің күшін жойған.
Сотта ерлі-зайыптылардың құқығын қорғаған адвокат “Власть” сайтына түсініктеме бермеген.
58 жастағы кәсіпкер Қайрат Боранбаев бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы адамдар қатарына кірген. Оның қызы Әлима Боранбаева экс-президенттің жиен немересі Айсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шыққан.
Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасындағы адамдар бақылаушылардың пікірінше, ықпалынан айырыла бастаған. Экс-президенттің туыстары жоғары лауазымды қызметтерінен алынып, кейбірі қамалып, сотталған. Арасында Қайрат Боранбаев та бар.
Жуырда қаржы мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевқа қатысты барлық іс тоқтатылды деп мәлімдеген. ҚМА бұған дейін Боранбаев мемлекетке 134 млрд доллар қаражатты қайтарғанын айтқан еді.
Атырау мұнай өңдеу зауыты мекеме маңында қара түсті сұйықтықтың "ағып жатқаны туралы" видеоға түсініктеме берді

Атырау мұнай өңдеу зауыты мекеме маңында қара түсті сұйықтықтың "ағып жатқаны туралы" видеоға түсініктеме берді.
Бүгін, 27 ақпанда таңертең Атырау тұрғындары мұнай өңдеу зауытының маңында қара түсті сұйықтықтың далаға ағып жатқанын байқаған. Желіде тараған видеолардың бірінде тұрғын оның иісі бар екенін айтады.
Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі “бұл ақау зауыттың өндірістік жүйелеріне қатысы жоқ, ол зауыт аумағында емес, зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұр” деді.
Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз хатшысы Жандос Темірғалиевтің сөзінше, зауыттың экологтары мен экология департаментінің мамандары тексеру кезінде қара түсті сұйықтықтың “Атырау облысы су арнасы” мекемесіне тиесілі кәріз жүйесінен ағып жатқанын анықтаған.
"Атырау облысы Су Арнасы" қара түсті сұйықтықтың тұрмыстық қалдық суы екенін растады. Қазір ақауды жою және төгіндіні тазарту жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.
- Алдын ала мәлімет бойынша, кәріз желісінің өткізу қабілеті бұзылғандықтан туындаған болуы мүмкін. Алайда қорытынды диагностика толық аяқталғаннан кейін жасалады. Кәсіпорын мамандары жағдайды қалпына келтіру бағытында жұмыс істеп жатыр. Жұмыстың барысы туралы қосымша хабарланады, - деді мекеменің баспасөз хатшысы Лугзана Байлауова.
Жергілікті экология департаменті мамандар оқиға орнын қарауға шыққанын айтты.
Бұған дейін 9 қаңтарда Атырау мұнай өңдеу зауытының №33 резервуар паркі аумағында мұнай өнімдері, яғни бензин төгілген еді.
Ол кезде зауыттың баспасөз қызметі ол тауарлық бензин компоненттерін айдау желісіндегі ақаудан болды деп түсіндірген. Құбыр желісі тез арада резервуардан ажыратылып, апатты жағдайды жою жұмыстары жүрізілгені хабарланған. Жергілікті экология департаменті тексеріс тағайындалғанын айтқанмен қорытындысы туралы ақпарат жоқ. Зауыттың баспасөз қызметі Азаттық сауалына әлі жауап бермеді.
АМӨЗ басшылығы бұл жағдай мұнай өнімдерін жөнелту көлеміне әсер етпейтінін, зауыттың қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеген.
Барлау қызметі: Солтүстік Корея ақпанда Курск облысына қосымша әскер жіберген

Солтүстік Корея 2025 жылы ақпан айының басында Ресейдің Курск облысына қосымша күш жіберген. Бұл жөнінде Оңтүстік Кореяның барлау қызметіне сүйенген оңтүстіккореялық жаңалық агенттіктері хабарлады.
Көптеген дереккөздерге сүйенген оңтүстіккореялық JoongAng басылымы биыл қаңтар мен ақпан айларында Солтүстік Корея Ресейге үш мыңға дейін әскерін жібергенін жазды.
Курскідегі "майданға" солтүстіккореялықтар ресейлік жүк кемелері және әскери ұшақтар арқылы жеткізілген. Ол жаққа былтыр соғысқа қатыспаған мотоатқыштар, инженерлік және барлау бөлімдері барды деді JoongAng дереккөздері.
Ақпан айының басында Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Солтүстік Корея әскері мен халқы Ресейді қолдаудан айнымайды деп мәлімдеген.
2024 жылы күзде Украина жағы Курск облысына шамамен 11 мың солтүстіккореялық сарбаз келгенін хабарлаған. Оңтүстік Кореяның мәліметінше, 2025 жылы қаңтарда 300 солтүстіккореялық сарбаз қаза болған, тағы 2,7 мың адам жарақаттанған.
Мәскеу мен Пхеньянда солтүстіккореялық сарбаздардың Ресейге келгенін және Украинамен шайқастарға қатысқанын растамаған, бірақ түбегейлі түрде де жоққа шығармаған.
Шерзат Полаттың қазасына қатысты тергеу амалдары аяқталды

Алматы облыстық полиция департаменті Талғар қаласында кісі қолынан қаза болған Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу амалдары аяқталғанын хабарлады.
"Тараптар қылмыстық іс материалдарымен толық танысты, іс сотқа жіберу үшін прокурорға жолданды" деп жазылған полиция хабарламасында.
Ресми ақпаратқа қарағанда, тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған. Барлық күдіктінің оқиға орнында айтқан жауаптары тексерілген, процесс қатысушылары арасында беттестірулер өткізілген.
Бұған қоса, қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған өзге де тергеу әрекеттері жүзеге асырылған.
Қылмыстық істе 62 том бар.
- 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылы 4 қазанда жасөспірімнің отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкен маңында қаза болған. Сатып алушылардың бірімен болған даудың соңы жанжалға ұласып, ол достарын шақырып, суық қару қолданылған. Оқиғадан соң қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Бұған дейін марқұмның туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.
- Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Шерзат Полаттың қазасы бойынша іс "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. "Қасақана кісі өлтіруге қатысы бар" деген күдікке ілінген сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша күдікті үш адам сот санкциясымен қамауға алынған еді.
- Әлеуметтік желіде "Талғардағы қылмысқа жүгенсіз кеткен "Хутор" бандасының қатысы бар" деген ақпарат тарады. Алайда полиция мұндай топ барын жоққа шығарды. Аудан тұрғыны Хасан Қасымбаев әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған әлгі ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған хабар таратпауды сұрап мәлімдеме жасаған. Қарашада Қасымбаев 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілініп, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.
- Қоғамда резонанс туғызған Шерзат Полаттың өлімінен кейін Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, департаментке қарасты экстремизммен күрес басқармасының бастығы, криминалды полиция басқармасының және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жетекшілері, тағы бірнеше лауазымды адамдар қызметтен босатылды.
- Былтыр 9 желтоқсанда Шерзат Полаттың туысы Нұрғанат Ғайыпбаев қайтыс болды. Полиция "марқұм өзіне қол салған" деген алдын ала болжам барын хабарлады. Марқұмның жақындары Ғайыпбаевтың "суицид жасағанына" сенбейтінін айтқан.
- Нұрғанат Ғайыпбаевтың қазасынан кейін Шерзат Полаттың жақындары әкімшілік жауапқа тартылды. Марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 күнге қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Онымен бірге екі туысы 15 күнге қамалып, тағы біреуіне айыппұл салынған.
Трамп пайдалы қазба бойынша келісім Украина үшін кепілдік болатынын айтты

АҚШ Украинаға қосымша қауіпсіздік кепілдігін бермейді. Сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінше, ол жақта Америка тұрғанда Украинаға ешкім шабуылдамайды.
Трамптың сөзінше, пайдалы қазба бойынша келісім Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Екі елдің басшылары аталған келісімге жұма күні қол қоюды жоспарлап отыр.
Трамптың сөзінше, Украина президенті Владимир Зеленскийдің АҚШ-қа сапары кезінде Вашингтон пен Киев пайдалы қазба бойынша келісімге қол қояды.
Оның сөзінше, Украина және Ресеймен жағдай "өте жақсы". Ол бейбітшілік бойынша келісімге қол жеткізетіндігіне сенім білдірді.
Трамп Украинаны НАТО-ға қоспайтынын тағы қайталады. Оның сөзінше, Мәскеуге де біраз шарттарынан бас тартуға тура келеді.
Reuters-дің жазуынша, Киев өзінің шикізат ресурстарынан түскен табысының бір бөлігін АҚШ-тың бақылауындағы қорға аударатын келісім жасасу арқылы Трамптың қолдауына ие болуды мақсат етіп отыр.
Киев осы келісім арқылы АҚШ-тан қауіпсіздік кепілдігін алғысы келеді, ал Трамп оны Американың соғыс кезінде берген әскери көмегінің өтемі деп санайды.
Зеленскийдің сөзінше, мұнда ең бастысы – қазіргі жоба Украинаны АҚШ-қа жүздеген миллиард доллар төлеуге міндеттемейді.
Келісім жобасымен танысып шыққан ақпарат құралдарының жазуынша, алдыңғы нұсқадан айырмашылығы мұнда қауіпсіздік кепілдігі туралы сөз тіркесі тым болмағанда кездеседі: "АҚШ үкіметі Украинаның тұрақты бейбітшілік орнатуға қол жеткізу үшін қажет қауіпсіздік кепілдігін алу талпынысын қолдайды".
БАҚ: Ресей АҚШ-қа басып алынған аумақтағы шикізатты игеру бойынша келісім ұсынды

Мәскеу Вашингтонға Украинаның Ресей басып алған аумақтарында орналасқан сирек жер минералдары мен басқа да бағалы металдарға меншік құқығын беру туралы келісімді ұсынды, деп хабарлады Американың екі шенеунігі мен жағдайдан хабары бар тағы бір дереккөзге сүйенген NBC News арнасы.
Дереккөздердің айтуынша, мұндай ұсынысты өткен аптада Сауд Арабиясындағы кездесу кезінде Владимир Путиннің жоғары лауазымды көмекшілері мен Дональд Трамп әкімшіліктерінің өкілдері талқылаған.
Атап айтқанда, Украинаның Донецк және Запорожье облыстарының оккупацияланған бөліктеріндегі минерал ресурстарды игеру бойынша сценарийлер қарастырылған деп айтылады. Трамп әкімшілігі пайдалы қазба бойынша Ресеймен келісім жасау міндеттемесін алмаған, бірақ оны толық жоққа шығарған жоқ, деп хабарлады NBC News дереккөздері.
24 ақпанда Владимир Путин АҚШ-қа пайдалы қазба бойынша әріптестік ұсынуға дайын екенін, Ресей сирек және сирек жер металл қоры бойынша әлемде көшбасшы екенін алға тартқан. Путиннің мәлімдемесінен кейін Трамп Ресеймен бұл мәселе бойынша келісімді қолдайтынын айтқан.
АҚШ пен Украина пайдалы қазбаны игеру бойынша келісімге 28 ақпанда қол қоюды жоспарлап отыр. Жұма күні Украина басшысы Владимир Зеленский Вашингтонға бармақ. Құжат қайта қалпына келтіру инвестициялық қорын құруды қарастырады.
Тәшиев: Қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау ісі бір ай ішінде аяқталмақ

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасы Қамшыбек Тәшиев қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау жөніндегі келісім 27 ақпанда парламенттің салалық комитеті қарауына ұсынылады деді. Бұл жөнінде ол Баткенде жаңа стадионның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде мәлім етті.
«Мұнан кейін [Қырғызстан мен Тәжікстан] президенттері қол қояды, содан соң қайтадан Жогорку кенешке жіберіп, жиында ратификациялаймыз. Ратификацияланған заңдарға президенттер қол қойып, күшіне енеді. Бұл жұмыстың бәрі бір айдың төңірегінде бітеді» деді Тәшиев.
21 ақпанда Қырғызстан мен Тәжікстан үкімет делегацияларының басшылары Қамшыбек Тәшиев пен Саймумин Ятимов екі ел арасындағы шекараны делимитациялау бойынша бірлескен комиссия бұл бойынша толық келісімге келгенін айтқан.
Сол күні үш құжат қабылданды. Олар: Қырғыз-тәжік шекарасы жөнінде Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы келісім; екі ел арасында автокөлік жолдарын салу және оларды пайдалану жөніндегі келісім; су шаруашылығы және энергетика нысандарына кіруге жол беру жөніндегі келісім.
Екі ел арасындағы шекара ұзындығы – 972 шақырым. Шекара нақтыланбағандықтан мұнда су, жер, жол және жайылым бойынша дау болып, кикілжіңге ұласқан жағдайлар жиі болады. Ең үлкен қақтығыстар 2021 жылғы сәуір-мамыр айларында және 2022 жылғы қыркүйекте болған.
КҚК-ға дрон шабуылы: Сәтқалиев мұнай айдауды азайту қаупі жоғын айтты

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнай айдау көлемін қысқарту қаупі жоқ, деп хабарлады сәрсенбі күнгі брифингте Қазақстан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев. Оның сөзінен "Власть" үзінді келтіреді.
"Қазіргі уақытта мұнай тиеу көлемін қысқарту бойынша қауіп жоқ. Яғни, бұл станцияның транзиттік режимде өтуіне қатысты техникалық шешімдер қабылданды. Қазақстандық мұнайды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ететін тиісті қоспалардың қосымша көлемі сатып алынды. Қазіргі уақытта қауіп аз" деді министр.
Оның сөзінше, бір топ қазақстандық маман "Кропоткинская" мұнай айдау станциясына барып, оны тексеру жұмыстарына қатысқан. Бұған қоса, дрон шабуылы бойынша Украинамен кеңестер дипломатиялық арналар арқылы да жүрген.
Оның сөзінше, шығынды қалпына келтіруге қатысты жұмыстар қазіргі уақытта кәсіпорынның өзі және акционерлер есебінен жүргізіліп жатыр.
17 ақпанда Ресейдің Кубань облысындағы Каспий құбыр консорциумының мұнай айдайтын "Кропоткинская" станциясына дрон шабуылдады. КҚК шабуылды "террористік" деп атады, консорциумның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, станцияға ішінде жарылғыш зат пен металл зақымдайтын элементтері бар жеті дрон шабуыл жасаған.
Каспий құбыр консорциумы (КҚК) акционерлерінің бірі ресейлік "Транснефть" мемлекеттік компаниясы "Кропоткинская" станциясына қатты зақым келді, оны жөндеуге 1,5-2 ай кетуі мүмкін деп хабарлады. Компанияның болжамынша, бұл уақытта Қазақстан мұнайын айдау 30 пайыз азаюы мүмкін.
18 ақпанда Украина шабуылды әдейі ұйымдастырғанын мойындады. "Кропоткинская" және "Андриаполь" мұнай айдау станциялары да нысанаға алынды, олар оккупациялық күштерге отын тасымалдауда шешуші рөл атқарды. Соққыдан кейін олар істен шықты. Бұл агрессорды отынмен қамтамасыз етуді едәуір қиындатты" деп хабарлады Украина қарулы күштерінің бас штабы.
Ресей вице-премьері Александр Новак "құбырды жөндеуге тасымалы шектелген Батыс компаниясының құралдары керек" деді.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров "бұл – Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды мәселе және оны украиналық серіктестерімізбен дипломатиялық арналар арқылы талқылаймыз" деді. Ал Ресей сыртқы істер министі Сергей Лавров мұны "Қазақстан энергетика инфрақұрылымына тікелей шабуыл" деп бағалады.
Қазақстандық бірқатар депутат Каспий құбыр консорциумына (КҚК) дронмен шабуыл жасағаны үшін Украинаны жауапкершілікке шақыру қажеттігін айтқан.
Ресми ақпаратқа қарағанда, Қазақстан былтыр 68,6 млн тонна мұнай экспорттаған, 54,9 млн тоннасы осы КҚК арқылы тасымалданған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 70,5 млн тоннаға жеткізілмек.
Өскемен әкімдігі бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы акцияны кейінге шегеруді ұсынды

28 ақпанда бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы наразылық акцияларын өткізбек болған белсенділерге Өскемен әкімдігі рұқсат бермеді. Әкімдік іс-шараны кейінге шегеруді ұсынған. Бұл жөнінде Азаттыққа бүгін, 26 ақпанда белсенді Леонид Карташев хабарлады.
– Біз бірнеше белсенді 28 ақпанда пикет, митинг және шеру өткізбек болдық. Қала басшылығы әдеттегідей әртүрлі сылтау айтып бас тартты. Бізге акцияларды «Наурыз айының басындағы мейрамдар өткен соң» ұйымдастыруды ұсынды. Есіңізде болса, президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені зерттейтін комиссияға 1 наурызға дейін қорытынды айтыңдар деп тапсырма берген еді, меніңше, әкімдік осы қорытынды шыққанға дейін бізге мүмкіндік бермеуді ойлап отырған сияқты, – деді Леонид Карташев Азаттық тілшісіне.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтарда бірыңғай уақыт белдеуі жөнінде пікір білдіріп, 1 наурызға дейін жаңа өзгерістің азаматтар өмірі мен ел экономикасына әсері зерттеледі деп мәлімдеген еді.
Белсенділер Өскемен әкімдігіне акциялар өткізу туралы хабарландыруды 21 ақпанда берген. Әкімдіктің жауабы 25 ақпанда қолдарына тиген.
«Масленица» мерекесі және 1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында барлық алаң мерекелік іс-шараларға дайындалып, санитарлық тазалық жүргізіледі. Сіздерге акцияны 17 наурызда өткізуді ұсынамыз», делінген әкімдіктің жазбаша жауабында.
Өскемен әкімінің орынбасары Ирина Смит Азаттық тілшісіне акцияға тыйым салу ойында жоқ екенін білдіріп, «белсенділерге басқа датаны ұсындық» деді.
Белсенділер желтоқсанда да бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы акцияларға рұқсат ала алмаған еді. Әкімдік «алаңдар босамайды» деп келіспеген. Бірақ Леонид Карташев межелі уақытта алаңда ешқандай іс-шара ұйымдастырылмағанын анықтап, әкімдікті «сылтау айтқаны үшін» айыптаған. Бұған әкімдік «біз емес, іс-шараны өткізбей қойған ұйымдастырушылар жауап беруі керек» деген. Бірақ әкімдік өкілі қандай іс-шара өткізілмек болғанын және ұйымдастырушы кім екенін айтудан бас тартқан.
Леонид Карташев қала билігін митингіге рұқсат бермей, «пікір білдіру құқығын шектегені» үшін 30 желтоқсанда сотқа берген. Сот процесі әлі жүріп жатыр.
2024 жылғы 1 наурызға дейін Қазақстанда екі сағат белдеуі болды. Оны өзгертуді ұсынған шенеуніктер бұрынғы уақыт адамның биологиялық уақыт ритмін бұзады деген уәж айтты. Олар бірыңғай уақыт белдеуінің тағы бір пайдасы: бүкіл ел аумағында бизнес процестерді реттеуге және көлікпен тасу қызметін жеңілдетуге септеседі деді.
Уақыт белдеуі ауысқалы Қазақстанда бұл шешімге қарсылық жиі болып тұрады. Уақытты бұрынғы қалпына келтіруді талап еткен петиция да жарияланып, оған мыңдаған адам қол қойған. Бірақ петицияны қараған құзырлы органдар белсенділер ұсынысын негізсіз деп тапқан.
18 желтоқсанда Астана соты Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары атынан үкіметтің бірыңғай уақыт белдеуі туралы шешіміне қарсы арыз түсірген адвокаттың меселін қайтарды. Арыз иелері үкіметтің уақытты жылжыту туралы шешімінің күшін жоюды сұраған еді.
Biz Birgemiz Qazaqstan ұйымы сот шешімімен жойылуы мүмкін

Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қоры сот шешімімен жабылу мүмкін. 14 ақпанда Астананың экономикалық сотына аталған ұйымның мемлекеттік тіркеуін жарамсыз танып, қоғамдық бірлестікті жою туралы шағым түсірілді деп хабарлады әділет министрлігінің баспасөз қызметі.
Ақпаратқа қарағанда, қоғамдық бірлестік 2021 жылы 11 қазанда тіркелген, оған қазір қамауда отырған Перизат Қайрат жетекшілік еткен.
Министрліктің түсіндіруінше, сотқа шағым түсіруге қаржы мониторинг агенттігінің өтініші негіз болған.
"Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігін құру кезінде жіберілген заңбұзушылықтарға байланысты Қазақстан Республикасы қаржы мониторингі агенттігінің оны тіркеудің күшін жою рәсімін бастау туралы хаты талап қоюға негіз болды" деді министрлік өкілдері.
Перизат Қайрат былтыр көктемде су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға және Таяу Шығыстағы палестиналықтарға гуманитарлық көмек көрсетуге деп жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілініп, 2024 жылы қарашада қамауға алынған. Бұған қоса, ол Ақмола облысындағы "Батыр" қоғамдық бірлестігіне 2021 жылы оңалту орталығын салу мақсатында ақша жинап, 22 млн теңгені жеке қажетіне жаратты деген күдікке ілінген.
Дегенмен оның отбасымен жақын араласқан достары бұған дейін әлеуметтік желіде Перизат Қайраттың кінәлі екеніне сенбейтінін жазған.
Былтыр заңгер Жангелді Сүлейменов "Экслюзив" басылымына берген сұхбатында заңға сәйкес, сот үкімі шықпайынша адамды қылмыскер атауға болмайтынын жеткізіп, қоғамда айтылып жатқан жалаң айыптауларды сынаған. Оның сөзінше, Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қор емес - қоғамдық бірлестік, ал заң бойынша қоғамдық бірлестік жинаған қаражатты ұйым өз еркімен пайдалана алады. Заңгер "ақшаны мақсатты түрде пайдаланбау" бұл қылмыстық іс емес, азаматтық ретте арқылы қаралуы керек екенін айтқан.
Былтыр желтоқсанда сот кәсіпкердің мүлкін бұғаттады. Қаржы мониторинг агенттігі 2024 жылы Перизат Қайраттың үйін тінту кезінде "қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған" қымбат техника, танымал брендтер шығарған киім, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, сөмкелер табылып, тәркіленді деп хабарлаған.
Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қоры былтыр сәуірде су тасқыны кезінде 55 мың қазақстандықтан 80 миллион теңге жинағанын хабарлаған. Перизат Қайрат тасқын кезінде "қор қаржысының жұмсалу барысы – мемлекеттің қаржы министрлігі мен Ұлттық банктің тікелей бақылауында" деп жазған.
Министр Батыстың санкциясына ілінген қазақстандық компаниялар туралы айтты

"Сауда және интеграция министрлігі Еуроодақ санкция салған Қазақстандағы компанияларға қандай да бір шара қолдана ма?" деген Азаттық сұрағына министр Арман Шаққалиев "олар салық, экспорт бақылауы бойынша Қазақстан заңын бұзған болса, шара қолданамыз" деп жауап берді.
"Өзімізде экспорттық бақылау бар. Ол бақылауды тиісінше жасаймыз. Оған кіретін болса, онда министрлік НПС (ұлттық төлем жүйесі) арқылы тауар тасымалдауға рұқсат бермейді" деді 26 ақпан күні журналистердің сұрақтарына жауап берген министр.
Шаққалиевтің сөзінше, министрлік экспорт бақылауын бұзған компаниялардың лицензиясын қайтарып, тауар экспорттауға рұқсат бермейді. Министрдің сөзіне қарағанда, өз еркімен жабылатындары да бар.
Оның айтуынша, бұған дейін АҚШ пен Батыс елдерінің санкциясына іліккен елдегі кей компания қазір жұмыс істемейді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сүйенген министр Еуроодақтың Ресейге қарсы 16-санкция пакетіне іліккен Қазақстандағы компаниялар "сыртқы саудамен айналыспайды" деді.
Ол тізімге енген компаниялар машина жасау саласындағы жабдық түрлерін жеткізумен айналысқан деді.
"Олар тек Қазақстан аумағында жұмыс істейді. Бұл компаниялар жабылмады, бірақ қызметін өзгертті. Қолда бар ақпаратқа қарағанда, олар экспорт бойынша жұмыс істемейді" деді Шаққалиев.
Еуроодақтың жаңа санкциясына Алматыда шоғырланған Kazstanex және "Металлстан" компаниялары ілінген еді. Оның алдында қазақстандық Elem group және DA Group компаниялары да ЕО санкциясына ілінген еді.
"Осы картамен елімізге бай адамдар келеді". Трамп құны 5 млн доллар тұратын "алтын" визаны таныстырды

АҚШ президенті Дональд Трамп құны 5 млн доллар тұратын ықтиярхат алу мүмкіндігін – "алтын картаны" таныстырды.
"Бұл сізге грин-картаның артықшылықтарын береді, сонымен қатар азаматтық алуға да жол ашады. Бұл картаны сатып алу арқылы елімізге бай адамдар келеді" деді Трамп.
Оның сөзінше, карта иелері "көп ақша жұмсап, көп салық төлеп, көп адамды жалдайтын болады". Ол жаңа бағдарламаның жай-жапсарын екі аптадан соң айтуға уәде берді.
"Картаны ресейлік олигархтар сатып ала ала ма?" деген сұраққа Трамп "бұл мүмкін" деп жауап берді. "Мен бірнеше ресейлік олигархты білемін, олар өте жақсы адамдар" деді ол.
Аталған "алтын карта" иммигрант-инвесторларға арналған қазіргі "ЕВ-5" визалар бағдарламасын алмастыруы тиіс. Бұл бағдарлама бойынша инвестор Америка экономикасына кемінде 800 мың доллар қаражат құйып, жұмыс орнын ашуы керек болған.
АҚШ қаржы министрі Говард Лютник "ЕВ-5" бағдарламасын "алаяқтық" деп атады. "Бұл грин-картаны арзан жолмен алудың жолы болған" деді.
Лютниктің айтуынша, "алтын карталарды" сатудан түскен қаражатты АҚШ бюджеті тапшылығы мәселесін шешу мақсатында пайдалануға болады.
Дрондар Ресейдің Туапсе қаласындағы теңіз портына шабуылдады

Сәрсенбіге қараған түні Ресейдің Краснодар өлкесіне дрондар шабуылдады. Куәгерлердің сөзінше, ұшқышсыз аппараттар Туапсе қаласындағы теңіз портын нысанаға алған.
Ресей билігі украин күштерінің дроны азаматтық нысандарға шабуылдағанын мәлімдеді. Губернатор Вениамин Кондратьевтің сөзінше, Туапсе қаласы мен Темрюк ауданында шабуылдың салдарынан жеке үйлер қираған, бірақ ешкім зардап шекпеген.
Теңіз портына шабуыл жасалғанын қала тұрғындары да хабарлап, әлеуметтік желіге жазбалар жариялады. Сондай видеолардың бірінде тұрғын үйдің бүлінгені көрінеді.
Ресейлік телеграм-арналар Анапа қаласында әуе қорғаныс жүйесі іске қосылып, дрондардың әуеде жарылғанын жазды. Сочи әуежайында "Кілем" жоспары іске қосылып, рейстерді қабылдау және ұшыру уақытша тоқтатылған.
Солтүстік Кавказ федералдық округының жеті аймағында сағат 8 шамасында дрон қаупі режимі іске қосылғанын Солтүстік Осетия басшысы Сергей Меняйло хабарлады. Билік округқа қарасты өзге аймақтар туралы айтпаған.
Аннексияланған Қырымда Ресей билігі тағайындаған билік өкілдері де дрон шабуылдағанын айтты. Қара теңіз аумағында төрт дрон атып түсірілген.
Ресей қорғаныс министрлігі Ресей аймақтары, Қырым, Қара және Азов теңіздерінің акваториясында 128 дрон жойылғанын айтты. 83 дрон Краснодар өлкесінде құлатылған.
АҚШ-тан депортацияланған өзбек азаматтарының алғашқы тобы Ташкентке келді

Осы аптада АҚШ-тан депортацияланған өзбек азаматтарының алғашқы тобы Ташкентке келді деп хабарлады Өзбекстан сыртқы істер министрлігі.
Алғашқы топта жеті адам бар. Бастапқыда олар Коста-Рикаға жеткізілмек болмақ, алайда Өзбекстан және Америка жағының келіссөзінен кейін олар бірден елдеріне қайтарылған.
Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ахрор Бурхоновтың сөзінше, бұл азаматтар Өзбекстанға Нью-Йорктан келген.
Бұған дейін АҚШ билігі азиялық мигранттарды Панама мен Коста-Риканың билігімен келісе отырып, сол елдерге уақытша депортациялай бастаған еді.
Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, өзбек жағы бұл мәселе бойынша АҚШ билігімен "тығыз әріптестік орнатқан".
Өткен аптада АҚШ-тан депортацияланған 200 мигрант Коста-Рикадағы лагерьлерге орналастырыла бастағаны хабарланған. Арасында Қазақстан, Өзбекстан, Үндістан азаматтары да бар.
Былтыр желтоқсанда америкалық Fox News арнасы АҚШ-тан жақын арада сол елде заңсыз жүрген 369 қазақстандық депортациялануы мүмкін екенін жазған еді.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 26 ақпанда Азаттыққа АҚШ-тан депортацияланатын қазақстандықтар туралы мәлімет жоғын айтты.
Еурокомиссия өкілдері Украинаға пайдалы қазба бойынша жаңа келісім ұсынбағанын айтты

Еуроодақ Украинаға "өте маңызды" шикізат түрлерін игеру бойынша жаңа келісім ұсынған жоқ. Еурокомиссияның өкілі Стефан Сежурне ақпарат құралдарына бұған дейінгі бар келісім туралы айтты деді Еурокомиссияның өкілі Томас Ренье.
Бұған дейін бірқатар ақпарат құралдары Сежурнеге сүйене отырып, АҚШ-тың ізінше Еуроодақ та Украинаға "маңызды минерал түрлерін игеру бойынша" келісім ұсынғанын жазған еді. Атап айтқанда, Сежурне Киевке сапары барысында ЕО Украинаға екі елге тиімді әріптестік ұсынатынын айтқан.
"Біз ешқашан екі тарапқа да тиімді болмайтын келісімді талап етпейміз", – деді Сежурне. Оның сөзінше, Украина Еуроодақтың өнеркәсібі үшін маңызды 30 минералдың 21-ін бере алады.
Еурокомиссия өкілдерінің сөзінше, Сежурне Киевтегі әріптестерімен минерал игеру мәселесін талқылаған, бірақ осыған дейінгі келісім аясындағы мәселелерді ортаға салған. Мәселе жаңа келісім туралы болып отырған жоқ.
Украина АҚШ-пен табиғи ресурстарды бірігіп игеру туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Бұған дейін АҚШ келісім жобасынан қатаң талаптарды алып тастағаннан кейін екі жақтың келісімге келгені, жақын арада екі елдің сыртқы істер министрлері құжатқа қол қоятыны хабарланған еді. Бірақ келісімде Зеленский талап еткен Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы шарттар нақты жазылмаған деп айтылады.
АҚШ президенті Дональд Трамптың түсіндіруінше, мұндай келісім АҚШ-тың Украинаға берген әскери көмегінің өтемі болмақ. Дегенмен Украина билігі бұған дейін Трамп айтқан сомамен (500 млрд доллар) келіспеген.
Ресей президенті Владимир Путин де жуырда Мәскеу АҚШ-пен сирек металды игеру бойынша әріптестік орнатуға дайын деп мәлімдеген. Путиннің сөзіне қарағанда, мәселе Ресей басып алған Украина аумағындағы табиғи байлықты игеру бойынша да әріптестік жөнінде болып отыр. Оның сөзіне әзірге реакция болған жоқ.
Украина мен АҚШ пайдалы қазба туралы келісімге келді. Жобада қауіпсіздікке кепілдік туралы шарттар нақты жазылмаған

Вашингтон қатаң талаптардан бас тартқаннан кейін Украина мен АҚШ пайдалы қазба туралы келісімге келді деп жазды Financial Times. Бұл жөнінде "Украинская правда" басылымы да жазды.
Келісім АҚШ-тың Украина қауіпсіздігі мәселесі бойынша ұзақмерзімді міндеттеме алуына жол ашады және соғысты тоқтату стратегиясының бір бөлігі болмақ деп жазды БАҚ.
Бұған дейін Украинаның құжаттың алғашқы нұсқасынан бас тартуы Киев пен Вашингтон арасындағы қарым-қатынасты нашарлатқаны хабарланған еді.
Құжатқа Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига және АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қол қояды. Құжатқа сәйкес, АҚШ пен Украина инвестициялық қайта құру қорын ашпақ.
Жаңартылған құжат бойынша, АҚШ коммерциялық қорға 100 пайыз иелік етпейді. Екі жақ АҚШ заңымен рұқсат етілген қордағы ең көп қаржылық үлесті иеленбек.
Украина мен АҚШ қорды бірігіп басқармақ, алайда АҚШ өз заңнамасы аясында шешім қабылдау өкілетіне ие болады.
Келісімге сонымен бірге Украинаның да, АҚШ-тың да қордағы өз үлесін екінші тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз сатуға немесе беруге құқығы жоқ деген тармақ қосылған.
Қор Украина экономикасына қайта қаржы құю мақсатында Украинаның табиғи ресурстарын, порттарын және ресурстармен байланысты инфрақұрылымын (тіпті Украина үкіметіне жанама түрде тиесілі) сатудан түсетін кірістің 50% алады.
Қорға Украина бюджеті кірісінің бір бөлігі саналатын түсімдер аударылмайды. Жарналардың мерзімі, көлемі және тұрақтылығы қор туралы алдағы келісімдерде келісілмек.
Олар сонымен бірге келісімге қол қою кезінде Ресей басып алған нысандардан түсетін кірістер азат етілген жағдайда 50%-дан асуы мүмкін деген ережені де алып тастады.
Құжат жобасына қарағанда, АҚШ Украинаға қаржылай көмек көрсету міндетін алмақ, көмек көлемі жеке талқыланады. Алайда келісімде Зеленский бұған дейін айтқан Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы шарттар нақты жазылмаған.
Украина мен АҚШ болашақ қордың егжей-тегжейін анықтайтын жеке келісімді әзірлеуге дереу кірісуі керек.
Келісімді әзірлеу міндеті екі жақтың экономика министрліктеріне жүктелмек.
ПІКІРЛЕР