Accessibility links

Ақтөбеге Астанадан діни ахуал мәселесімен айналысатын топ барды


Ақтөбе облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).
Ақтөбе облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Бүгін Астанадан Ақтөбеге құрамында 200-ге тарта маманы бар арнайы топ келді. Бұл топ бір ай бойы Ақтөбеде болып, жеті бағыт бойынша жұмыс істейді. Соның бірі - аймақтағы діни ахуалды жақсарту және құқық қорғау қызметкрелерін террорлық қауіп-қатер кезінде әрекет етуге үйрету.

Құрамында теологтар, имамдар, әлеуметтанушылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері бар топқа бас прокурор Жақып Асанов жетекші болады.

"Аймақтағы соңғы трагедиялық оқиғаларды ескере отырып, террорлық қауіпке қарсы күрес бойынша ең ауқымды жұмыс жүргізіледі. Тұрғындарға теракт болу қаупі немесе оның іске асуы кезінде өзін және жақындарын қорғау бойынша негізгі ережелер түсіндіріледі. Мектептер, вокзалдар, ауруханалар қызметкерлерімен жаттығу іс-шаралары жүргізіледі" делінген бас прокуратураның мәлімдемесінде.

- Біз елбасы тапсырмасымен жерге түсіп, бір ай бойы аймақта жұмыс істеуге келдік. Астанада кабинетте отырып, елдегі ахуалды біле бермейтінімізді мойындаймыз. Бұрын сырттан келген террористерден қорқушы едік, қазір олар арамыздан шығып жатыр. Бұл - елдің берекесін алып, мазасын қашырады. Не жұмысын, не бизнесін жасай алмай, қауіп қашан басылады деп жұрт үйінде тығылып отырады. Мұндай теріс идеологиямен күрес - құқық қорғау органдарының ғана емес, бәріміздің міндетіміз, - деді Асанов бүгін облыс автивімен кездесуінде.

Ақтөбеге келген жұмыс тобы аудандарды, түрмелер мен мешіттерді аралауды да жоспарлап отыр. Бас прокурордың сөзіне қарағанда, Ақтөбеден басталған аймақтың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу жобасы басқа да облыстарда жалғасады.

XS
SM
MD
LG