Accessibility links

БАҚ Керридің Сирия оппозициясымен оңаша әңгімесін жариялады


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри БҰҰ Бас Ассамблеясының 71-сессиясы кезінде. Нью-Йорк, 21 қыркүйек 2016 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри БҰҰ Бас Ассамблеясының 71-сессиясы кезінде. Нью-Йорк, 21 қыркүйек 2016 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри егер Сирияда президент сайлауы батыс елдері мен БҰҰ бақылауымен өтетін болса, сайлауға қазіргі президент Башар Асад та қатыса алатынын жоққа шығармайды деп хабарлайды The New York Times газеті.

Газеттің жазуынша, бұл туралы Нью-Йоркте қыркүйектің 22-сі күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 71-сессиясы аясында өткен кездесудің әңгімесі жазылған аудиотаспадан белгілі болған. Керри сириялық оппозиция өкілдерімен әңгімеде көтерілісшілерді Башар Асадпен бірге сайлауға қатысуға және өтпелі үкімет құрамына енуге шақырған. Бұл сайлауға дауыс беруге кез-келген сириялық азамат, солардың ішінде шетелде жүрген босқындар да қатыса алады.

Мемлекеттік хатшы АҚШ президенті әкімшілігін Сириядағы дипломатиялық ерік-жігерге әскери күшпен болысуға көндіре алмағанын мәлімдеген. Керридің сөзінше, соғысқа тікелей араласу жағымсыз салдарға соқтырады. Сонымен бірге ол АҚШ оппозицияға исламшыл топтарға қарсы күресте қолдау танытуға әзір екенін, бірақ Дамаскіге бүйрегі бұратын «Хезболлах» тобымен жанжалға бармайтынын айтқан. Reuters ақпараты бойынша, АҚШ көтерілісшілерге заманауи қару-жарақ беру мәселесін қарастырып жатыр.

Басылымның жазуынша, оппозиция өкілдері ұсынысқа күмәнмен қараған. АҚШ мемлекеттік департаменті айтылған жайттар жеке әңгіме барысында сөз болғанын мәлімдеп, оған қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.

Бұған дейін АҚШ пен Ресейдің арағайындығымен жасалған Сириядағы бітім гуманитарлық жүк тиелген автокеруенге жасалған шабуылдан кейін бұзылған. АҚШ ол шабуыл үшін жауапкершілікті Башар Асад режимін қолдайтын ресейлік әскерилерге артқан. Мәскеу оқиғаға қатысы жоғын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG