Астанада бүгін Қазақстан құқық қорғаушыларының құқығын қорғау альянсының өкілдері мен құқық қорғаушылар баспасөз жиынын өткізіп, қамаудағы белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның таяуда басталатын сот процесіне бақылау жасайтынын мәлімдеді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиынды құқық қорғаушылар Жанар Жандосова, Ғалым Ағелеуов, Александр Данчев, Анар Ибраева өткізді.
Александр Данчев альянс ай сайын қазақстандық құқық қорғаушыларға қатысты жағдайға бақылау жасайтынын айтты. Оның сөзіне қарағанда, қыркүйекте бір адвокат, 17 азаматтық белсенді, бес дін белсендісінің жағдайына бақылау жасалып, дін белсенділеріне қауіп-қатер артқаны байқалған. "Сонымен қатар үш кәсіподақ белсендісі, екі қоғамдық белсенді мен алты журналист қысым көрген" деді Данчев.
Құқық қорғаушылар 12 қазанда соты басталатын Макс Боқаев пен Талғат Аянның жайына жеке тоқталды. Олар Боқаевтың өзі альянс мүшесі екенін, оның Атырау облысында жұмысшыларға, түрлі әлеуметтік топ өкілдеріне құқықтық көмек көрсеткенін айтты.
Альянс өкілдері құқық қорғаушылар Боқаев пен Аянның үстінен басталатын сотқа бақылау жасайтынын айтты. Құқық қорғаушылар Боқаевтың сот процесінде заң бұзушылықтар болған жағдайда бақылау есебін халықаралық ұйымдарға жолдайтынын айтады.
Макс Боқаев пен Талғат Аян 24 сәуір күні Атырау қаласында жер реформасына қарсылық ретінде өткен жаппай митингтен соң қамауға алынған. Макс Боқаев пен Талғат Аянға бірқатар қылмыстық баптар (соның ішінде "алауыздық тудыру", "заңсыз митинг ұйымдастыру") бойынша айыптары тағылған. Азаматтық белсенділер бұл айыптардың ешқайсысын мойындаған жоқ. Қамаудағы Макс Боқаевтың туыстары оның денсаулығына алаңдайды.
Белсенділердің үстінен сот процесі 12 қазанда басталатыны хабарланған.