Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Муннан Иран ұшақтарының Йеменде өткен аптада жерлеу кезінде 140 адам мерт болған шабуыл құрбандарын эвакуациялауына көмектесуін сұрады.
БҰҰ-ның хабарлауынша, Жавад Зариф өзінің Сауд Арабиясы бастаған коалицияның Йемен астанасы Санада жерлеу рәсімі кезінде ондаған адам құрбан болып, 530-ға тарта адам жараланған "қайғылы және жантүршігерлік әуе шабуылдарынан" шошығанын айтқан. Коалиция Йеменде шииттік хусит көтерілісшілеріне қарсы соғысып жатыр.
Зариф Тегеран Иран Қызыл Жартыай ұйымы Санаға гуманитарлық көмек пен дәрі-дәрмек жеткізіп, шабуылдан жараланғандарды Ирандағы ауруханаларға жеткізгенін дұрыс көретінін айтқан.
Зариф Сауд Арабиясы мен оның коалициядағы одақтастарын, оның ішінде АҚШ-ты "жантүргерлік және жиіркенішті шабуылы" мен "өткен бір жарым жылда Йеменде жасаған әскери қылмыстары" үшін жауапқа тартуға шақырған.
Пан Ги Мун да бұған дейін Йемендегі өткен аптада болған әуе шабуылдарын айыптап, оны тергеуге шақырған.
"Сауд Арабиясы бастаған коалицияның әуе шабуылдары ендігі ауқымды қырғынға айналып, елдегі азаматтық инфрақұрылым мен медициналық мекемелердің көбінің қирауына әкеліп соқтырды. Бұл соғыста ұрыстың жексұрын әдістерін қолданғандарды жауапқа тарту керек" деген Пан Ги Мун 10 қазанда.
8 қазанда Санада қайтыс болған адамның жерлеуі кезінде жасалған әуе шабуылынан 150-ге тарта адам ажал құшып, 530-ға тарта адам жараланған.
Батыс ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, әуе соққысын Йеменнің үкімет әскеріне қолдау танытатын Сауд Арабиясы жетекшілік ететін коалицияның әскери ұшақтары жасаған. Бірақ коалиция өкілдері әуе шабуылға қатысы жоғын мәлімдеген.
Халықаралық қауымдастық мойындаған Йемен үкіметі елдің тек бір бөлігін ғана бақылауында ұстап отыр. Үкімет әскері оңтүстікте радикалды жихадшыларға қарсы, ал солтүстік пен батысында шиитік көтерілісшілер - хуситтердің қарулы жасағымен шайқас жүргізіп жатыр.