Accessibility links

IFJ Матаевтарға шыққан үкімді айыптады


International Federation of Journalists ұйымының сайтынан скриншот (Көрнекі сурет).
International Federation of Journalists ұйымының сайтынан скриншот (Көрнекі сурет).

Халықаралық журналистер федерациясы (International Federation of Journalists - IFJ) Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, ҚазТАГ агентігінің директоры Әсет Матаевқа шыққан сот үкімін айыптады.

"Біз жүрегі ауыратын және қан қысымы көтеріліп кететін Сейітқазы Матаевтың денсаулығына қатты алаңдаймыз. Біз Матаев басқаратын одақ пен оның әріптестерінің және достарының Қазақстан билігін журналиске тағылған барлық айыпты жойып, ауруханада ем алуына мүмкіндік беруге шақырған үндеуіне қосыламыз" деген IFJ президенті Филипп Лерут.

3 қазанда Астананың Есіл аудандық соты Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты "қаржы жымқырды" және салықтан жалтарды" деген айыптармен 6 жылға соттаған. Ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев "қаржы жымқырды" деген айыппен бес жылға сотталған. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, "Қазақтелеком" компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болды. Бұдан өзге, үкімде Матаевтардың жылжымайтын мүліктері (бірнеше пәтер мен жер телімдері), оның ішінде Ұлттық баспасөз клубы мен бірнеше көліктері тәркіленетіні айтылды.

"Билік оларды тәуелсіз ақпарат таратқаны үшін айыптап отыр" делінген федерацияның ресми сайтындағы мәлімдемеде.

Бұған дейін ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы жөніндегі өкілі Дуня Миятович Матаевтарға шыққан үкім Қазақстандағы баспасөз еркіндігіне зиян тигізуі мүмкін екенін мәлімдеген.

Ал АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Матаевтарға шыққан сот үкіміне алаңдап, Қазақстан үкіметін барлық азаматтың ой-пікір еркіндігін білдіру құқығы мен заңды тұрғыдан қорғану құқығын құрметтеуге шақырған.

XS
SM
MD
LG