Атырауда өтіп жатқан азаматтық белсенді Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында оңтүстік қазақстандық кәсіпкер Тоқтар Төлешов жауап берді. Астанадан видеоконференция арқылы байланысқа шыққан Төлешов "танысы арқылы Талғат Аянға жер реформасына қарсы қоғамдық пікір туғызу үшін бір бума ақша бергенін" айтты.
Бұған қоса, Төлешов Аянды жеке көрмегенін және онымен бетпе-бет сөйлеспегенін де жеткізді. Сотта Төлешов "тек шындықты айтуға ант берді".
Боқаев пен Аянның адвокаттардың бұған дейінгі сотта Төлешов және онымен бірге айып тағылған Досанбаев пен Бекбаевтың сотқа келуін сұрап арыз шағым түсірген. Ақпанның басында өзге іс бойынша қамауға алынған Төлешовке кейін "жер дауына қатысты митингілерді қаржыландырды" деген айып тағылған.
Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісіне қатысты сот 12 қазанда басталған. Боқаев пен Аян 24 сәуір күні Атырау қаласында жер реформасына қарсылық ретінде өткен жаппай митингтен соң қамауға алынған. Макс Боқаев пен Талғат Аянға бірқатар қылмыстық баптар (соның ішінде "араздық тудыру", "заңсыз митинг ұйымдастыру") бойынша айыптары тағылған. Азаматтық белсенділер бұл айыптардың ешқайсысын мойындаған жоқ. Қамаудағы Макс Боқаевтың туыстары оның денсаулығына алаңдайды.