Бүгінгі атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында сотқа дейінгі тергеуді жүргізген Атырау облыстық ҰҚК департаментінің жедел уәкілдері Шыңғыс Аманғалиев, Сәбит Айымбетов, Шолпан Қалыбек және Алматыдағы сот сараптамасы мекемесінің филолог сарапшысы Әсет Еркінұлы куәлік етті.
Бұған қоса сот залына Қарабатан өндірістік аймағындағы мердігер компания жұмысшылары шақырылды.
Адвокаттар сұрағына жауап берген ҰҚК Атырау облыстық департаментінің жедел уәкілі Шыңғыс Аманғалиевтың айтуынша, ол Қарабатан елді мекеніне екі рет бармаған. Ол жұмысшылардың құқығын түсіндіріп, өз еріктерімен жауап бергені туралы қолдарын қойдырып алғанын айтты.
- Бірақ әр абзацқа қол қойдырған жоқпын, оны біздің полковник тексеріп, қойдырған болар, - деді ол.
Сотта белгілі болғандай сот алды тергеуін ҰҚК-нің бес тергеушісі үш күн жүргізіп, жиырма шақты адамнан жауап алған.
Тергеушілер куәгерлер жауаптарының бірдей екендігі туралы адвокаттар сауалына "бәлкім, олар алдын ала сөз байласып алған болар, әйтеуір жауаптары бірдей болды" деді.
Бұған дейін Қарабатандағы мердігер компаниялардың Алмас Сағындықов, Алпамыс Тілешов, Дүйсеғалиев, Тәжіғалиев есімді жұмысшылары жауаптау хаттамасын оқымастан қол қойғандарын, ондағы кейбір сөздерді өздері айтпағанын мәлімдеген еді.
Сотта екінші рет куәлік еткен Алмас Сағындықов шілде айында жауап бергенде арнайы жұмыс киімімен жүргендіктен жауаптарын толық оқымай қол қойғандарын айтты.
- Біздер қарапайым жұмысшылармыз. Үш-төрт беттен тұратын жауапты ауыр жұмыс киіммен жүріп, оқып шығу үшін екі-үш сағат уақыт керек, басын оқыдық та қол қойдық, - деді ол.
Оның жауабын Алпамыс Тілешов те қоштады.
Сотталушылар сауалына ҰҚК қызметкерлерінің берген жауабынан белгілі болғандай, сотқа дейінгі тергеуде олар қызмет куәлігін көрсетпеген, жұмыс тапсырмасы туралы жауапталушыларға түсіндірмеген.
Судья прокурорлардан "Қарабатан жұмысшысын сотқа дейін ҰҚКкабинетіне шақырып, сотта қалай жауап беруді үйреткен" тергеуші туралы сұрады. Прокурорлар оның сол беті табылмағанын, демалысқа кетіп қалғанын хабарлады.
Макс Боқаевтың қорғаушысы Жанаргүл Боқаева Қазақстан халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюро директоры Евгений Жовтистіадам құқықтарының сақталуы жөніндегі білгір маман ретіндежауапқа шақыруды сұрады. Оның пікірінше Жовтистің жауап беруі сотқа БҰҰ арнайы баяндамашысы Майна Кийайдың іске тіркелген Боқаевқа қатысты қылмыстық істің заңдық анықтамасын және басқа ұйымдар жолдаған ұсыныс хаттарын түсіндіруге жәрдемдеседі деп санайтынын айтты. Оған прокурор Қасым Сыдықов қарсылық көрсетіп, бұған ұқсас өтініштің бұрын да жасалғанын ескертіп, қабылдамауды сұрады. Оны қоштаған судья "соттың кеңес пен түсіндіруе мұқтаж еместігін" тағы да ескертті.
Түстен кейінгі сот процесінде Макс Боқаев пен Талғат Аянның Facebook әлеуметтік желісіндегі жекепарақшаларынан жасалған скриншоттар мен видеолар көшірілген дискілерді заттай айғақ ретінде қарауды ұсынды.
Атыраудағы сот процесіне сейсенбіден бері Канада елшілігінң бірінші секретары Джуд Пекора, Қазақстандағы халықаралық адам құқықтарын қорғау бюросының директоры Евгений Жовтис, оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталова бақылау жасап отыр.